Смайыловтың тұсында қандай жұмыс атқарылды?
Әлихан Смайылов басқарған министрлер кабинетінің атқарған жұмысы аз емес.
Барлық салада ілгерілеушілік байқалды. Отандық экономиканың қарқыны өсті, инфляция төмендеді. Осы үкіметтің тұсында бірқатар қаладағы жылу орталықтарында апат болды. Қыстың көзі қырауда бұл да оңай болмады. Аптап ыстықта шаруалар қуаңшылықтың зардабын тартты. Мал қырылды, өнім азайды. Бірақ сындарлы сәттерде Үкімет жүктелген міндетті орындап отырды. Тиісті салаға да, халыққа да қажетті қолдау көрсетілді.
Инфляцияны тежеу мен экономиканың өсімін кемі 4%-ке жеткізу. Бұл – Смайылов бастаған министрлер кабинетіне Президенттің былтыр берген тапсырмасы. Басымдық агроөнеркәсіптік кешенге берілу керектігі де айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ең алдымен азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек.
Өткен жылы бір ғана ауыл шаруашылығы саласында 207 инвестициялық жоба жүзеге асты. 65 сүт фермасын ашуға 100 млрд теңге қаржы бөлінді. Мақсат – алдағы екі жылда ішкі нарықты сүтпен толық қамтамасыз ету. Бұл салада проблема жоқ емес, бар. Нақтырақ айтқанда, былтыр шаруалар қуаңшылықтан қиындық көрді. Бұл өз кезегінде өнімділіктің төмендеуіне әсер етті. Бірақ Үкімет диқандарды қиын жағдайда қалдырған жоқ. Жан-жақты көмек көрсетті. Жамбыл облысында шаруалардың 3 млрд теңгедей шығыны өтелді. Астықты кептіру үшін жеңілдетілген бағамен дизель отыны бөлінді.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
- Бұл жерде біржақты пікір берудің өзі артықтау болар. Жалпы мынау Смайыловтың Үкіметі пандемиядан кейінгі тығырықтан шығудың жолына дәл түскендіктен, әрине, біз оны да есепке алуымыз керек. Мынау мораторийға ұшырап, көптеген компаниялар банкротқа ұшырап жатқан кезде де сол уақытқа жауап беретіндей жұмыстар жасалынды.
Негізі былтыр Үкімет инфляцияны 2 есеге дейін төмендете алды. Қазір ол 9,8% деңгейінде тұр. Шетелдік инвестициялар да экономиканың өсіміне оң ықпал етті.
Бақберген Тоқтасын, экономист:
- Елге ірі көлемде шетелдік инвестиция тартылды. Ол жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырсақ шамамен 5 пайыздық өсімді көруге болады. Бұл – жақсы көрсеткіш.
Елде әлеуметтік сала назардан тыс қалмаған. Былтыр бұл секторға бюджеттің жартысы жұмсалды. Республикада зейнетақыдан бастап барлық әлеуметтік төлемдер өсті. Ол үшін үкіметтен 4,6 трлн теңге бөлінді. Ал зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды қорғау үшін тиісті заң қабылданды.
Бизнес те қолдаудан шет қалмады. Кәсіпкерлерге қойылатын 9 мың артық талап алынды. Оларды жоспарлы тексеру мен айыппұл салу біршама қысқарды. Қазір бақылау мен қадағалау автоматтандырылған жүйеге ауысты.
Авторы: Риат Шони.