Қазақстандағы әрбір төртінші есепшот бұғатталған

200-ден астам қазақстандық шетелдегі компанияға иелік етіп, не үлескер есебінде пайда көреді.

Бұл – декларациялау нәтижесінде анықталған дерек. Отандастарымыз активін қай елдерге құйды?

Ең көбі, әрине, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты көршілес елдерде орналасқан. Бірақ Біріккен Араб әмірліктері, АҚШ сияқты елдерде ашылғаны аз емес.

Әрбір төртінші есепшот бұғатталған

Қазақстандағы әрбір төртінші есепшот бұғатталған. Әділет министрлігі ұсынған мәлімет бойынша банктерде бұғатталған шот саны 38 млн 500 мыңнан асып жығылады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының есебінше, бұл жеке тұлғалар есепшоттарының 26%-ін құрайды. Уақытылы төленбеген несиенің зардабы осындай деуге болар еді. Алайда коммуналдық қызметтерге қарыз, сонымен бірге айыппұл сияқты өзге де берешек салдарынан есепшоттар бұғатталып жатады. «Ұлағат Консалтинг Групп» арнайы талдау жүргізіп, мәселеге үңілген болатын. Қорытындысы көңіл көншітпейді. Мәселен, 2021 жылы 9 млн 400 мың есепшоттың операциясы тоқтаса, араға жыл салып мұндай шоттың саны 17 млн-нан асқан. Яғни, 82 пайыздық өсім байқалды. Ал былтыр бұғатталған есепшот саны 38,5 млн-ға жеткен. Яғни, 2 жыл бұрынғымен салыстырғанда 4 есе көп.

Заңды тұлғалардың шоттарына тоқталсақ, былтыр 540 мың 700-і бұғатталды. Ұлттық статистика бюросы жыл басында мұндай 526 мың 300 есепшот барын айтады.

Марат Қайырленов, экономист:

- Есепшоттың төрттен бір бөлігінің бұғатталғаны – экономикалық саясаттың тиімсіз жүргізілгендігінің көрсеткіші. Халықтың әл-ауқатын жақсарту басты мүдде екенін ескерсек, есепшоттың бұғатталуы қаржылық жағдайдың мүшкіл екенін білдіреді. Осы себепті инвестициялық климатты жақсарту қажет. Сонымен қатар жұмыс орындарын құрып, халықтың табысын арттыру керек. Шағын және орта бизнестің 2 млн 200 мың субъектісі бар дейміз. Оған дейін 1 млн 600 мың болатын. Жақсы көрсеткіш сияқты, бірақ 2 жылда 200 мың жұмыс орны ғана ашылды. Бұл бизнестің ұсақталуынан болып отыр. Яғни, шағын бизнес шығынын барынша азайтуға күш салды.

 

236 қазақстандықтың шетелде бизнесі бар

2023 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 236 қазақстандықтың шет мемлекеттерде не жеке компаниясы, не сол компанияларда үлесі бар. Мемлекеттік кірістер комитетінің LS басылымына ұсынған мәліметі – бұл. Жалпы отандастарымыз әлемнің 46 еліндегі компанияларға тұтастай иелік етеді не үлескерлік құқығы бар.

Жіктеп-жіліктейтін болсақ, ең көбі Ресейде орналасқан. Мұнда 43 компания. Біріккен Араб әмірліктерінде 21, Қырғызстанда 19, АҚШ-та 18, Өзбекстанда 17, ал Чехия, Ұлыбритания мен Кипрде 9 компаниядан тіркелген екен.   

Ал мына кестеде әлемнің өзге елдері мен ондағы қазақстандықтар еншілеген компания саны көрсетіледі. Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай мәліметке табысты деклорациялау нәтижесінде қол жеткізген. Бұған дейін мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары есеп бергенін айта кету керек. Тіпті кей азаматтың бір емес, бірнеше елде компаниясы бары анықталды.

Еске сала кетсек, былтыр 2 млн-нан астам қазақстандық декларация тапсырған болатын. Биыл заңды тұлғалардың жетекшілері, құрылтайшылары мен олардың жұбайлары табыс жөнінде есеп береді. Ал келесі жылы барша қазақстандық тапсырады.

Егер жеке тұлға тапсырмаса, онда әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту беріледі. Осы ескерту жыл бойында еленбесе, декларация тапсырылмаса, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 51 мың теңге айыппұл салынады. Сол сияқты декларацияны дұрыс тапсыру маңызды. Қате жіберілсе не ақпарат толық берілмесе, 10 мың теңгедей айыппұл арқалайды.

 

ТАҚ: БЖЗҚ-дан  ₸8,5 млрд жеке басқаруға өтті     

Жыл басынан зейнетақы қорындағы 8,5 млрд теңге жеке басқаруға берілді. Бірінші кредиттік бюроның хабарлауынша, қаңтар айының соңында бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорына түскен 5 мың 700 өтініш қабылданды. Айта кететін жайт, бір ай ішінде қордағы 8 млрд теңгеден астам қаржыны белгілі бір мақсатқа бағыттау екінші рет тіркеліп отыр.

Айта кету керек, 2023 жылдың шілдесінен бастап қазақстандықтар зейнетақы қорындағы ақшасын белсенді түрде жеке басқарушы компанияларға тапсыра бастады. Осыдан кейін зейнетақы жинақтарының жартысына дейінгі соманы жеке басқаруға мүмкіндік беретін Әлеуметтік кодекс күшіне енді.

Иә, ат төбеліндей ғана қазақстандық шетелдегі компания көмегімен пайдаға кенелсе, депозиті барлардың біразында есепшоты бұғатталып, қаржысын кәдеге жарата алмай отыр. Дей тұрғанмен зейнетақы қорында жатқан қаржыны инвестицияға құюға мүмкіндік берілген. Мемлекет осылай әл-ауқатты жақсартудың амалын жасап отыр. Бұл – нарық!