Екі жылда ел экономикасы қалай өзгерді?
Әлихан Смайылов Үкіметті басқарған екі жылда ел экономикасы қалай өзгерді?
Өткен екі жылдың қоғам үшін шешуші кезең болғаны белгілі. Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған аса маңызды саяси және экономикалық реформаларға бастамашылық жасады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 5,1%-ке өсті. Экономиканың барлық салаларында жалпы құны шамамен 970 млрд теңгені құрайтын 210 жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Ол 19,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Бір айта кетерлігі, машина жасау өндірісі рекордтық қарқынмен, шамамен 30% өсті. Өткен жылы Қазақстан 65 млрд доллардың өнімін шетелге шығарды. Инфляция 2 есе төмендеді. Елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жылдық көлемі 26-28 млрд долларды құрады. Құрылыс, сауда, ақпарат және коммуникация, сондай-ақ көлік және қойма шаруашылығында инвестицияның қарқыны 14,6% жетті. Сондай-ақ ұлттық қордың активтері былтыр 4 млрд долларға өсіп, 60 млрд доллардан асты.