Мемлекеттік сатып алу бойынша 5 өңір көш бастаған
Қазір Қазақстанда мемлекеттік сатып алу жүйесінде жоспарлаудан бастап төлемге дейін 100% электронды форматта жүзеге асырылады.
Яғни, рәсімнің барлығы электронды порталда өтеді. Мемлекеттік сатып алулар бойынша былтыр Астана қаласы көш бастады. Елордада 300 мыңға жуық сатып алу болған. Екінші сатыда 240 мыңға жуық көрсеткішпен Қарағанды облысы. Алғашқы үштікті Қостанай облысы түйіндейді. Аймақта 236 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу болған. Алғашқы бестікке Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары кірді. Өткен жылы бұл өңірлер 200 мыңнан астам сатып алу рәсімдерін өткізген. Жүйеде қаржы айналымы үлкен. Жемқорлықтың алдын алу үшін жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр. Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тарапынан бақылау қатаң.
2023 жылы жалпы құны 13 трлн теңгеге жуық 545 мың сатып алуға тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде құны 1,3 трлн теңге болатын 73 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алудың келісімшартын өзгерту, рәсімді дұрыс ұйымдастырмау, конкурсқа қатысушыларға қосымша талаптар қою сияқты заңға қайшы әрекеттер анықталған.