Қазақстанда зергерлік бұйымдарға цифрлық таңба қойылады
Биылдан бастап Қазақстанда зергерлік бұйымдарға цифрлық таңба қойылады.
Сала мамандарының айтуынша, контрафактілік цехтарда өзге кәсіпорындардың белгісі бар өнімдер шығарылып жатыр. Соның салдарынан заңды тауар өндірушілер бәсекеге түсе алмай, шығынға батқан. Цифрлық таңбалау әдісі сол көлеңкелі бизнестің жолын кесу үшін қолданылмақ.
Қостанайлық кәсіпкер Анастасия 15 жылдан бері зергерлік компанияны басқарып келеді. Оның жетекшілігімен 20 мыңнан астам әшекей бұйым жасалған. Әрқайсына бір айдай уақыт жұмсалады екен. Оның үстіне құжатын рәсімдеу үрдісі тағы бар. Кәсіпкердің айуынша, шетелдік брендтермен бәсекеге түсуге заңсыз цехтар кедергі келтіріп тұр.
Анастасия Кузина, зергерлік компанияның басшысы:
- Ресми тіркелмеген тауар өндірушілер бақылауға алынбайды, салық та төлемейді. Сондықтан өнімдерін арзанға сатады. Жалған алтын мен Түркия өнімдерін тасымалдайтындар да көбейіп барады. Ал біз сапалы әрі заңды тауар шығарамыз, бірақ көлеңкелі бизнес қолбайлау болып тұр.
Отандық зергерлер лигасындағылардың мәліметінше, елімізде бағалы зергерлік бұйымдардың көлеңкелі нарығы 99 пайызға жеткен. Кәсіпкерлер саладағы кемшілікті тезірек реттеуді және сауда айналымының заңсыз субъектілерін қатаң жазалауды сұрап отыр.
Қайсар Жұмағалиев, Қазақстан зергерлер лигасының төрағасы:
- Цифрлық таңбалаумен қоса, оларға ірі көлемде айыппұл салу, тауарын тәркілеу, тіпті бас бостандығынан айыру жазаларын қолдану қажет. Заңдыз әрекеттердің жолы кесілсе, біз Ресей мен Түркияның зергерлік компанияларымен бәсекелес бола аламыз. Ал дәл қазір ішкі нарықтың өзінде бәсекеге түсе алмай отырмыз.
Былтыр Қазақстанға шетелден 68 млрд теңгенің зергерлік бұйымдары жеткізілген. Негізгі импорттаушы елдер - Түркия, Қытай, Ресей. Ал отандық өнім көлемі небәрі 2,3 млрд теңге болған. Елдегі он мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісінің тек 200 шақтысы тауарөндіруші. Негізгі өндіріс ошақтары Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларында орналасқан.
Зергерлік бұйымдар саудасы
Импорт - ₸ 68 млрд
Отандық өнім - ₸ 2,3 млрд
200 отандық тауар өндіруші
Өндіріс ошақтары - Алматы, Қарағанды, Шымкент
1 шілдеден бастап бағалы зергерлік бұйымдарды цифрлық таңбалау міндеттеледі. Ал талапты орындамағандар жауапқа тартылады.
Ғалымжан Төребек, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитетінің басқарма басшысы:
- Оны біз, біріншіден, импорттаушыларға енгіземіз. Содан кейін өндірушілер мен алыпсатарларға енгіземіз. Бірінші кезеңді сол 1,5 жыл деп қарастырып жатырмыз. Мүмкін одан да көп болуы мүмкін. Қазіргі таңда заңда қарастырылған айыппұлдарды осы таңбасыз сатылған зергерлік бұйымдарға да жалғастыратын боламыз.
Техникалық реттеу және метрология комитеті өкілдерінің айтуынша, цифрлық таңбалау әдісі нарықты жалған тауарлардан тазалап, тұтынушыларды сапалы өніммен және өндіруші туралы толық мәліметпен қамтамасыз етеді.
Еркебұлан Смадияров, Жарқын Өрден