Өзбекстанға 2500 жылқы экспортталды
Жылқы даланың малы.
Қолға қарамайды. Өкінішке орай, кейінде Қамбар ата түлігінің еркін тебіндеуі біраз қиындаған. Жылқышылар елде жайылымның азайғанын айтады. Күннің қолайсыздығы да әбігерге салды. Әсіресе солтүстік аймақтарда малдың алды көтерем боп жатыр. Себебі шөп қардың астында қалды. Сарапшылар жем-шөп дайындарда бұл түліктің үлесі ескерілмейтінін айтады. Мемлекет тарапынан да форс-мажор жағдайларға резерв құрылғаны абзал.
Айтуған Мұқашев, экономист:
- Мысалы, сиыр малын немесе қой малын ауыл аймақтарда ұстауға болатын болса, жылқы малына үлкен өрістер керек. Осындай мәселелер бар. Бұрын жалпы совет жер ортақ болғаннан кейін жайылым қыста бір жерде, жайлауда бір жерде болды деген сияқты жайылымға сұраныс болмайтын. Қазір адамдардың барлығы жерлерін меншіктегеннен кейін біреудің жеріне біреу баға алмайды. Жылқы өз алдына тебіндеп жайыла алмайды, жер тар. Жердің тарлығы жылқы малының көптеп өсіп өнуіне біраз кедергі жасап тұр.
240 мың асыл тұқымды жылқы бар
Жылқы жарықтық көбейген соң асыл тұқымдысына көңіл бөлініп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша былтыр салаға 2,1 млрд теңге субсидия бөлінді. Қаражат өнімділік бағытындағы асыл тұқымды айғыр сатып алуға, бие сүтін өндіру мен өңдеудің құнын арзандатуға және мал азығы шығындарын өтеуге жұмсалады.
Қазақ тұқымы, мұғалжар, көшім, адай. Елде өсірілетін негізгі жылқы тұқымдары осылар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне қарағанда түлік басы бүгінде 4 млн-ға таяды. Оның 240 мыңы асыл тұқымды жылқы. Иә, қазақ үшін Қамбар ата түлігі тектіліктің нышаны саналады. Сондықтан болар елдің барлық өңірінде шаруашылықтар бар. Көш бастап тұрған аймақ – Түркістан облысы. Мұнда қазір 425 мың бас жылқы өсіріледі. Қарағанды облысында 352, Абай облысында 322 мың бас тіркелген. Жылқы саны 300 мыңнан асатын өңірлер қатарында Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысы бар.
Елдегі жылқы басы 4 млн жетті
Түркістан – 425 мың бас
Қарағанды – 352 мың бас
Абай – 322 мың бас
Ақтөбе – 321 мың бас
Батыс Қазақстан – 308 мың бас
Ақмола – 256 мың бас
Павлодар – 229 мың бас
Алматы – 219 мың бас
Қызылорда – 213 мың бас
Шығыс Қазақстан – 211 мың бас
Жылқы басы көбейгенімен оның өнімдерін өңдеуде кенжелеп тұрмыз. Бірді-екілі кәсіпорын өндіретін тауар үлесі 5 пайызға да жетпейді. Әзірге жылқының еті ғана сұраныста. Сарапшылар сиырды бордақылауға қарағанда жылқының құны арзанырақ екенін айтады. Бұл да еттің тұтыну көрсеткішін арттырған. Дегенмен, жылқы өнімдерінің пайдасын ескерсек, оның үлес салмағы анағұрлым көбірек болуы керек. Экономист Айтуған Мұқашев ел арасында қымыз ішу мәдениетінің де жойылып бара жатқанын жеткізді.
Айтуған Мұқашев, экономист:
- Қымыз өңделетін болса, сүті бағытында ол ауылда сол малдың басы көбейген болатын еді. Малдың басы көбейген кезде әрине оның сапасына қарай өтеді де, сол сапасына өткеннен кейін барып, сапалы мал өседі. Сапалы мал өскен кезде ғылым қалыптасады деген сияқты. Ал енді өкінішке орай, оның өніміне сұраныс болмағаннан кейін оған қатты көңіл болмай сапасы көп жерде төмен.
Қазақ жылқылары экспортқа жарай бермейді деген сөз бар. Себебі өзге түрлеріне қарағанда денесі шағын, салмағы аз. Десе де, импорттаушы елдермен байланыс орнаған. Былтыр 2670 жылқы басын экспорттадық. Оның 2 жарым мыңнан астамы Өзбекстанға жөнелтілді. Негізгі тұтынушылар қатарында Ресей, Қырғызстан және Ауғанстан елдері тұр. Жылқы етіне де сұраныс артқан. 4,2 мың тоннасы көрші елдерге жеке тұтынушылық мақсатпен сатылды.
Иә, жылқы шаруашылығында ауыз толтырып айтар жетістік те, кемшілік те жоқ емес. Мамандар жайылымнан бөлек қарапайым жылқышыларға да зәрулік туындағанын айтады. Десе де, қазақ үшін киелі жануардың тағдыры ешкімді бейжай қалдырмайды деп ойлаймын.
2670 жылқы экспортталды
(2023)
Өзбекстан – 2531
Ресей – 103
Қырғызстан – 26
Ауғанстан – 10