80 мың компания өнімін онлайн сатады

Еліміз электрондық сауда алаңдары арқылы сыртқы тауар айналымын жыл сайын 100 млн долларға жеткізуі тиіс.

Сондай-ақ 6 жылда елдегі онлайн сатылым үлесі 20%-ке жетеді. Бұл меже электрондық сауданы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген. Ендеше онлайн сауданың бөлшек нарықтағы үлесі қандай?

Дәстүрлі сауданың ертеңі бұлыңғыр

Жыл сайын дәстүрлі сауда кәсіпкерлерінің 7%-і онлайн саудаға ауысады. Себебі базарда тұрып тауар сату тиімді болмай барады. Амалын тапқандар екі бағытты ұстануға тырысады. Қазір интернет дүкендердің дәурені жүріп тұрғаны рас. Елде онлайн және дәстүрлі нарық бәсекесі басталды деуге болады. Астанадағы сауда үйлері қауымдастығының мүшесі Мұхтар Есболғанов: «әзірге азық-түлік сататындарға ғана қауіп жоқ», - дейді. Сарапшы электрондық коммерцияның екі ұшы барын мойындады. Бір жағынан дәстүрлі саудаға кедергі болса, екінші жағынан біраз мүмкіндіктерді ашып тұр. Себебі онлайн саудада ғимаратты жалдау шығындарынан құтыласыз. Күзет мәселесі де мазаламайды. Сенімді орта бар. Бұл тұтынушылар үшін де тиімді.

Мұхтар Есболғанов, Астанадағы сауда үйлері қауымдастығының мүшесі:

- Талай шетелден пошта жағынан қатысушылар да көбейіп жатыр. Бәсекелестік өсіп жатыр. Осылардың ақысы азайып жатыр. Олар бірнеше рет дәстүрлі сауда орнынан бірнеше рет арзан болып тұр. Әлеуметтік желіге шыққанда сіздердің өнімдеріңізді талай адам көреді.

 

Отандық кәсіпкерлерге тиімді алаң керек

Бәсекенің өзі әділ болғаны абзал. Экономист Бауыржан Ысқақ: «жалпы ішкі өнімдегі онлайн сауданың үлесін арттыру маңызды», - дейді. Әлем соған талпынып жатыр. Біздегі цифрландырудың мүмкіндіктері 2030 жылға қарай онлайн сауданы 20%-ке жеткізуге қауқарлы. Сарапшы: «әсіресе отандық кәсіпкерлерге тиімді жағдай ұсыну керек», - дейді. Халықаралық компанияларға сәйкес келетіндей онлайн сауда алаңын құрғысы келетіндерге салықтық жеңілдік қарастыру қажет. Мемлекет басшысының да талабы осы, - дейді сарапшы. Қазір елге келіп жатқан ресейлік онлайн компаниялардың өзі дәстүрлі саудамен айналысып жатқан біраз азаматтың жұмысын тоқтатуға әсер етті. Сол себепті экономист сыртқы бизнесті үркітіп алмай тексерудің тиімді шараларын қарастыру керек деген ұстанымда.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Экономикалық одақ мүддесінде, тағы да басқа жағдайында біздің салық салу мүддесінен сырт айналып кеткен жоқ па? Агенттік келісімшартпен ғана олар қаншама, мысалы, үлкен қаражатты елдің экономикасынан алып отыр. Соған сәйкес 10-20 пайыздық ставкаларға салық төлеп отыр ма деген сұрақтар бар. Онлайн сауда қарқын алу жағдайына байланысты қабылданайын деп жатқан Салық кодексінде болмасын, басқа да құжаттарда олардың жұмысының тәртібі нақты көрсетілуі керек. Жағымды бәсекелестік ортаны қалыптастыруымыз керек.

Былтыр бөлшек саудадағы онлайн сатылымның үлесі 13%-ке жеткен. Бірақ сатып алған тауарына разы болмаған тұтынушы да көп. Қазір Мәжіліс электрондық саудадағы тұтынушылардың құқығы қорғау туралы заң жобасын пысықтап жатыр. Мұның маңызы зор. Себебі былтыр 8 мыңға жуық азамат онлайн сауда бойынша шағым түсірген. Бұл алдыңғы жылдан 290%-ке көп. 

Арызданушылардың жартысынан көбі – тауарды әлеуметтік желі арқылы сатып алатындар. 34%-інде интернет дүкендердің жұмысына көңілі толмаған. Маркетплейстердегі қызмет көрсету не өнім сапасына қатысты да шағым көп. Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің дерегіне сүйенсек, ресейлік ірі маркетплейстерге қатысты 702 шағым қаралып, құқығы қорғалған тұтынушыларға 32 млн теңге қайтарылды.

 

Тұтынушыларды құқығын қорғау маңызды

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Тұтынушылардың  құқықтары қорғалатындай ережелер болу керек. Егер біз нарығымызға сыртқы халықаралық маркетплейстерді, онлайн сауданың субъектілерін кіргізуге рұқсат бердік пе, өзіміздің қарапайым халық ұтылып қалмайтындай, сұраныстары толық қанағаттанатындай жағдай жасауымыз керек. Сатушының телефоны, тағы да басқа байланыстары, төленген ақшаны қайтаруға дейінгі процестердің барлығы да, ол басқа мемлекеттерді жолға қойылған. Бізде әлі де эволюциялық жолмен келе жатыр. Шағымдар көп болған жағдайда ғана бұл қарастырылып жатыр. Сондықтан болашақта болатын қиыншылықтардың алдын алу жағдайын қарастыруымыз керек.

Қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамыту маңызды. Жауапты мамандар ішкі және сыртқы нарықта да бұл жүйе реттеліп жатқанын айтады. Поштада да бөлімшелер көбейіп, бонд қоймалар мен фулфилмент орталықтары жұмыс істеп жатыр. Логистикалық компаниялар да жұмысын жетілдіре түсуге мүдделі.

 

80 мың компания өнімін онлайн сатады

Былтыр жеке тұлғаларға электронды сауда қызметін ұсынатын шетелдік кәсіпкерлер үшін Google салығы енгізілді. Ел аумағында 60 компанияның келісімшарты тіркелген. Салық көлемі 35 млрд теңгеге жуықтады. Қазір азаматтарымыз Amazon, Wildberries, Ozon сынды ірі халықаралық платформаларда сауда жасай алады. Еліміз түрлі онлайн сауда алаңдары арқылы сыртқы сауда айналымын жылына $100 млн долларға арттырмақ. Былтыр елдегі электрондық сауда үлесі 2 трлн теңге болды. Қазір 80 мың компания өнімдерін интернет арқылы сатып отыр. Бірақ олардың дені – ұсақ ұйымдар.