Қостанайлық кәсіпкерлер бөлшек салықты азайтуды сұрайды
Қазақстанның кей өңірінде аталған салық мөлшерлемесі 2% болса, Қостанайда 4%-ті құрайды, деп хабарлайды 24KZ.
Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер басқа облыстарға тіркелуге мәжбүр. Олардың ұсынысын қалалық мәслихат депутаттары қолдамады.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірінші кезекте салық жүйесін реттеп, оны жетілдіру қажеттігін міндеттеген болатын. Расында, бұл жүйенің осал тұсы аз емес.
Өткен жылы елімізде бөлшек салықтың арнайы режимі енгізілді. Оның бекітілген мөлшері – 4%. Алайда жергілікті мәслихаттар өз шешімімен 50%-ке дейін азайта алады. Сондықтан салық ставкасында айырмашылық туындап отыр.
Валентина Шмонина, облыстық Кәсіпкерлерді қолдау қауымдастығының директоры:
- Қазір мынандай жағдай қалыптасты, 20 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша айналымы бар Қарағанды мен біздің өңірдің салық төлемінің айырмашылығы – 1,5 миллион тенге. Яғни біз екі есе көп салық төлейміз. Ал ол өз кезегінде тауардың, қызмет көрсетудің өзіндік құнына әсер етеді.
Сала мамандары: «Мұндай жағдай көлеңкелі бизнестің белең алуына алып келеді», - дейді. Яғни кәсіпкер нақты табысы мен жұмысшылар санын жасырып, көрсетпейді. Тіпті болмаса өз кәсібін салық жүктемесі төмен өзге өңірлерде тіркетеді. Ал қалалық мәслихат төрағасы арнайы комиссия бұл ұсынысты жан-жақты талқылап, сараптағандығын, соның нәтижесі бойынша депутаттардың басым бөлігі салықты 4-тен 2%-ке азайтуға қарсы болғанын айтады. Егер ондай өзгеріске барсақ, бюджет тапшылығы туындауы ықтимал дейді.
Омарғали Байғабұлов, қалалық мәслихат төрағасы:
- Сарапшылардың бастапқы есебі бойынша бөлшек салықты екі есеге қысқартсақ, бюджет шамамен 100 миллион тенге жоғалтуы мүмкін. Тіпті соның жартысы 50 миллион болса да, қала бюджеті үшін қомақты қаржы. Сондықтан қызбалық танытпай, осы жылы өзгеріссіз қалдырып, бюджет есебін бағамдап алайық деп шештік.
Кәсіпкерлер палатасы бөлшек салықты төмендету жөніндегі ұсыныспен мәслихатқа бір емес, екі рет өтініш жазды. Әзірге депутаттар тарапынан қолдау таппады. Бірақ олар мұнымен тоқтап қалмақ емес.
Ренат Дәулетбаев, Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Шешім қабылданғанымен, талас-тартыс әлі жалғасады. Келіссөздер жүргізіп, дәлел-дәйектер келтіріп, бұл өзгерістің қажеттілігін жеткізуге тырысамыз. Өйткені бөлшек салықты төмендету кәсіпкерлер үшін өте маңызды. Тіпті 1%-ке түсірсе де, шағын және орта бизнес үшін үлкен сеп.
Былтыр кәсіпкерліктің 190 қызмет түрі бөлшек салық режиміне енгізілді. Ал биыл осы салық түрі қолданылатын тізім 364 қызмет түріне ұлғайтылды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.