Жұмыртқа арзандайды
Елде 2027 жылға қарай құс етін өндіретін 29 жоба іске қосылады.
Оның жалпы қуаты 210 мың тоннадан асады. Ірі жобалар Ақмола, Алматы облыстарында жүзеге асып жатыр. Осылайша импортқа тәуелділіктен арыламыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, биыл 350 мың тонна құс еті өндіріледі. Әзірге отандық құс фабрикалары ішкі нарықты 70 пайызға қамтып отыр. Жетпегені АҚШ пен Ресейден әкелінеді. Қазақстандықтарды жергілікті құс етімен толық қамтығанша, шаруаларға мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Оның көлемі фабрикалардың қуаттылығына қарай әр келі ет үшін 50-80 теңге аралығында белгіленген. Мысалы, былтыр ет бағытын дамытуға 21 млрд теңгеден аса қолдау қаржысы бөлінді.
Қайрат Көшенов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы салаларын дамыту басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда импорттың көлемі шамамен 150 мың тоннадай. Импорттық тәуелділікті жоямыз деп ойлаймыз. 2026-2027 жылдарға деп жоспарланып отыр.
Қазақстандық құс етін шет мемлекеттер де тұтынады. Былтыр экспорт көлемі 14 мың тоннадан асты. Бұл алдыңғы жылдан үш есе көп. Негізгі тұтынушылар Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан және Ресей. Таяуда бұл қатарға Қытай да қосылады. Мұндағы билік Қазақстаннан құс етін тасымалдауға қатысты шектеуді алып тастады.
Құс еті экспорты артты:
Ресей - 19 мың тонна
Қырғызстан - 7,5 мың тонна
Беларусь - 653 тонна
Өзбекстан - 611 тонна
Жазға қарай жұмыртқа құны 30-40 пайызға арзандайды. Сауда және интеграция министрі осылай дейді. Дегенмен, құс өнімдерінің өзіндік құнына сырттан келетін дәрумендер, вакцина, инкубациялық жұмыртқа, өндіріске қажет барлық жабдық бағасы әсер етеді. Олар шетелдік валютаға сатып алынады. Оның үстіне өнім құнының 70 пайызын жем-шөп бағасы құрайды. Өкінішке қарай былтыр жиналған дақылдардың жартысына жуығы мал мен құсты асырауға жарамай қалды. Сол себепті шаруалар Ресейдің арзан жемін вагонмен тасып, пайдалануға мәжбүр. Былтыр азық түлік корпорациясы арнайы қор жасақтаған ед. Онда 235 мың тонна жем сақтаулы. Бірақ, әзірге шаруалар тарапынан сұраныс түспеген.
Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілері қауымдастығының президенті:
- Біз астық басқасының бәрін валютаға сатып аламыз. Ол өссе, біз де бағаны қайта қарауымызға тура келеді. Сол себепті өнімімізді арзандату үшін, астықтың да қолжетімді болғаны жақсы бізге. Қордағы астықты сұрамай отырғанымыз, оның сапасына күмәнданамыз. Сапалы өнім шығару үшін бізге шикізаттың да лайық болғаны маңызды. Әйтпесе құстарымыз қырылып қалуы мүмкін.