Air Astana акциялары үш биржаға шықты
Бүгін «Air Astana»-ның құнды қағаздары үш бірдей биржада саудалана бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Осыған дейін әуе компаниясының акциялары IPO-ға шыққан еді. Осылайша, қазақстандықтар үлескер атануға мүмкіндік алды.
Саудаға шығарылған құнды қағаздың дені ішкі нарыққа ұсынылды. Өтініш берген азаматтарымыздың түгелі акция алды десек болады.
«Air Astana» акциялары үш биржаға шықты
Air Astana шамамен 370 млн АҚШ доллары көлемінде акцияларын сатты. Әуе тасымалымен айналысатын компания мәліметінше оның 42% халықаралық биржаға ұсынылды. 58% қазақстандық нарыққа шығарылды. Жалпы 1 млрд 147 млн АҚШ долларының ұсынысы түскен. Оның ішіндегі ішкі нарықтағы сұраныс 483 млн АҚШ долларын құрады. Жеке тұлғалардың атынан 216 млн доллардың 60 мың өтінімі түсіпті. Оның 98% қанағаттандырылды.
Әртүрлі инвестор тарапынан түскен сұраныстың 53% нәтижелі болды. Сондай-ақ Қазақстанның институционалдық салымшы тарапынан түскен өтінімің 38% қабылданды. Ал халықаралық инвесторлардан түскен өтінімнің 25% қанағаттандырылды.
Әуе компаниясы таратқан мәлімдемеге сүйенсек, жеке инвесторлардың ұсынған 30 мың АҚШ долларына дейінгі өтініштің бәрі қабылданды. Ал акцияларды одан да көп мөлшерде алғысы келгендердің өтініштері жарым-жартылай ғана қанағаттанды.
Сонымен IPO нәтижесінде «Самрұк-Қазына»-ның ұлттық әуе компаниясындағы үлесі 41%-ке дейін төмендеді. Ал Би-Эй-И Systems акцияларының үлесі 15,3%-ке дейін түсті. Белгілі болғандай, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да құнды қағаздың 6,5%-ін сатып алды. Бұл мақсатқа 25 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты.
Қаржы биржасындағы тәуекелдер
Акцияларға деген үлкен сұраныстың туындауы – компания үшін жақсы нәтиже. Түптің түбінде ұлттық әуе тасымалының операторы межелеген инвестицияны тартты, - дейді сарапшы Серік Қозыбаев. Жалпы акция бағасының өсімі және дивидент есебінен пайда көруге болады.
Серік Қозыбаев, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» талдау бөлімінің басшысы:
- Тәуекелдердің бірнеше сипаты бар. Біріншіден, ол компанияның қызметіне тікелей байланысты. Мысалы, белгілі бір себеппен табысы азаюы мүмкін. Сол сияқты шығындардың арту ықтималдығы бар. Ал әуе компаниясы негізінен отынға қаржы көп жұмсайды. Оның бағасы өссе, сәйкесінше шығыны артады. Сөйтіп, арадағы кірістің мөлшері қысқаруы мүмкін. Екіншіден, пандемия кезінде әуе қатынасы сиреген еді. Сол кезде де табыс айтарлықтай төмендеді. Үшіншіден, әлемдік рецессия кезінде қаржы биржаларының құлдырауы да теріс ықпалын тигізеді. Акционерлер үшін негізгі тәуекелдер осы болмақ.
Компанияның беделіне нұқсан түссе, бұл да акцияларының құлдырауына әкеп соғуы мүмкін. Бірақ әуе компаниясының тұрақты өсімі мен кәсіби басқаруының нәтижесінде әзірге сынға ұшырай қоймады. Сондықтан бұл арадағы тәуекел аз, - дейді Серік Қозыбаев.
Сыртқы сауда айналымы өсті
Былтыр Қазақстанның сырты сауда айналымы 140 млрд АҚШ долларына жуықтады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,2%-ке көп. Экспорттың үлесі – 56,2% болса, импорт 43,8% мөлшерінде болған. Сөйтіп, Қазақстан 78 млрд 600 млн доллардың тауарын шетке саудалады. Дегенмен сыртқа тасылған тауар көлемі 7%-ке қысқарыпты. Есесіне импорт 20%-ке өсті. Оның ішінде жеңіл көлік, автобөлшектер, смартфон, дәрі-дәрмектің үлесі жоғары. Еліміз көбіне мұнай шикізаты, уран, мыс, ферроқоспалар, бидай саудасынан табыс көрді.
Бұл ретте Қазақстан тауардың көбін Италия, Қытай, Ресей, Нидерланды, Түркия мен Оңтүстік Корей елдеріне жеткізгені белгілі болды. Ал импорттық өнімдерді көбіне Ресей, Қытай, АҚШ, Түркиядан алдырады екенбіз.