СҚО-да агроөнеркәсіп саласында 24 жоба іске асты
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жол картасы бойынша 19 жоба жүзеге асады, деп хабарлайды 24KZ.
Өңірде заманауи тауарлы сүт фермалары, көкөніс сақтау қоймасы мен құс фабрикасы салынады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы саласына ауқымды реформа жасап, жаңа технологияларды енгізу керектігін тапсырды.
Бұл – Солтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі инновациялық жылыжай. Көкөніс фермасында жылына 3 мың тонна қияр, қызанақ және салат жапырағы жиналады. Оларды күтіп-баптауға заманауи жарық және жылыту жүйесі, күн сәулесі мен ауа температурасын реттейтін қондырғылар орнатылған. Өсіру технологиясы да тың.
Екатерина Асаёнок, жылыжай кешенінің директоры:
- Біз гидропоника әдісін қолданамыз. Яғни, көкөністер әдеттегідей топырақта емес, минералды мақтада өсіп-өнеді. Оған су мен тыңайтқыштан тұратын қоректік ерітінді сіңіріледі. Бұл жағдайда өнім жақсы жетіліп, тамыры шірімейді.
Жоба құны – 7 млрд 200 млн теңге. Қаржының басым бөлігі төмен пайызбен берілді. Үкіметтің кеңестілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу керектігін тапсырды. Солтүстік Қазақстан облысында бұл бағытқа былтыр 64 млрд теңге бағытталды.
Мейрам Меңдібаев, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- 2024 жылы агроөнеркәсіп жол картасы шеңберінде 6 бағытты 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жалпы инвестиция көлемі 33 млрд теңгені құрайды және 600 жұмыс орны ашылады.
Президенттің Үкіметке жүктеген тағы бір тапсырмасы – су ресуртарын үнемдеу. Былтыр облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының суармалы алқабы 5 мың гектарға дейін ұлғайтылып, тамшылатып суару жүйесі енгізілді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.