Еліміздегі суару жүйесін жаңартуға грант беріледі
Еуразиялық даму банкі қаржыландыру үшін Қазақстанда құны 3,5 миллиард доллар болатын жобаларды қарастырып жатыр.
Қаржы институтының ел экономикасына құйған инвестициялары 1 млрд доллардан асты. Ендігі кезекте көлік инфрақұрылымы, жылу энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері, агроөнеркәсіптік кешен және су ресурстары сияқты салаларға инвестиция салуға басымдық беріледі. Банк Қазақстанға су ресурстарын ұтымды пайдалануға көмектесуге ниетті. Бұл мақсатқа 10 миллион доллар грант бөлуге әзір. Сондай-ақ суды есепке алуды цифрландыру, суармалы жерлерді лазерлік жоспарлау және заманауи ирригациялық жабдықтарды шығару бойынша өңірлік өндірістік кластер құруға бағытталған жобаларға 400 млн АҚШ доллар бағыттамақ.
Су тазарту құрылғылары салынады
Кеше ғана бұл мәселе Мәжілісте талқыланды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, еліміздің барлық қалаларында жаңа су тазарту құрылғыларын салу қажет. Ал жұмыс істеп тұрғандарын жөндеу керек. Бұған қомақты қаржы қажет. Оның бір бөлігі республикалық бюджеттен бөлінеді. Қалғанын сырттан тартылады. Осы мақсатқа қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану көзделген. Ол 300 млрд теңгеден асады. Жұмсалған ақшаны сараланған су тарифі есебінен қайтару жоспарлананып отыр. Жаңа тарифтер қазірдің өзінде бекітілген.
Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің мүшесі:
- Биылдан бастап 1400 шақырым су арнасын жөндеуге қаржы бөлінеді. 20 жаңа су қоймасының құрылысы да қаржыландырылады. Біз көктемде еріген қар суын жинап, жазда суару жүйесіне пайдалануымыз керек. Ең бастысы - өнеркәсіп ошақтарының суын тазалап, қайта пайдалануды қолға алу. Мысалы, Алматыдағы жылу электр орталығы Талғар шатқалынан келетін таза суды пайдаланады. Мегаполис тұрғындарын жылытатын су, пайдаланғанан кейін кәрізге кетеді. Суды тазарту технологиялары қымбат, бірақ қажет жүйе.
Су тарифтері төрт категорияға бөлінеді. Бірақ тұтынушылардың жартысына тарифтің қымбаттауы аса сезіле қоймайды дейді министр. Халықтың 49 проценті тіршілік нәрін айына 3 мың куб метрден аз тұтынады. Ал айына бес мың куб метрге дейін су тұтынатындар үшін тариф 20 проценке қымбаттайды. Он мың куб метрден артық су жұмсайтындар қолданыстағы бағадан 50 процентке артық төлейді. Ал 10 мың куб метрден көп тіршілік нәрін пайдаланушылар екі есе жоғары тарифпен төлейді. Неғұрлым көп су пайдаланса, құны да соғұрлым қымбаттайды.
Графика:
І топ – айына 3 м3 дейін тұтынатындар (халықтың 49%)
ІІ топ – айына 3-5 м3 дейін тұтынатындар, 20%-ға жоғары тариф
(халықтың 20%)
ІІІ топ – айына 5м3-10м3 дейін тұтынатындар, 50%-ға жоғары тариф (халықтың 20%)
ІV топ – айына 10 м3 астам тұтынатындар, 100%-ға жоғары тариф
(халықтың 11%-ы)
Болжам бойынша тарифтік өзгерістер бес жылда қосымша 13 млрд теңге табыс әкеледі. Табиғи монополиялар субъектілері бұл қаражатты желілер мен жабдықтарды жаңғыртуға жұмсауға міндетті. Ал шағын және орта бизнес суды қайта пайдалану технологияларын енгізу қажет. Сонымен қатар жаңа тарифтік саясат суды үнемдеу мәдениетін арттырып, тұтынушыларды соған ынталандырады.
2030 жылы су тапшылығы 40% жетуі мүмкін
Жалпы Орталық Азия елдері соның ішінде Қазақстан да бар, суды көп тұтнуымен ерекшеленеді. Елде жан басына шаққанда 1,31 мың текше метр су тұтынылатыны тіркелген. Бұл дегеніміз бір адам күніне 3,6 мың литр су пайдаланады. energyprom.kz дерегіне сай, суды көп тұтынатындардың қатарына Түрікменстан да кірді. Ондағы есеп жылына бір адамға 4,35 мың текше метр, Өзбекстанда 1,76 мың текше метр, Әзербайжанда 1,24 мың текше метр. Қырғызстан және Тәжікстанда да бір мың текше метрден асады. Сарапшылардың пайымдауынша, 2030 жылға қарай жаһандық су тапшылығы 40% болуы мүмкін. Ал біздің елде бұл көрсеткіш 15% - ға жетуі мүмкін дейді сарапшылар.