Салық жүйесін толық цифрландыру қажет
Биыл Мемлекет басшысы жауапты органдарға осындай тапсырма жүктеді.
Қазір Қаржы министрлігі жаңа кодекс жобасын әзірлеп жатыр. Ведомствоның мәліметінше, құжат Мәжілістің қарауына көктемде енгізілуі тиіс. Салық жүйесін жетілдіруге қатысты қандай іс-шаралар қолға алынады?
Елімізде соңғы 5 жылда бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асқан. Мұны Мемлекет басшысы сынға алып, жауаптыларға бюджет және салық саясатының тиімділігін арттыруды тапсырды. Әзірге қазына мәселесі бизнестің айналымдағы ақшасы есебінен шешіліп келеді. Бұдан бөлек бюджетті бөлу тәртібі де реттелмей тұр. Президент салық жүйесін толық цифландыруды тапсырды.
Гүлмира Ахметова, ҚР ҚМ МКК IT-менеджмент басқармасы басшысының орынбасары:
- Автоматтандыру саласында комитеттің маңызды жетістіктері электрондық қызмет көрсетудің үлесін 99 пайызға жеткізу. Оның ішінде салық есептілігін электронды тапсыру бүгінгі күні 99,7 пайызға жетіп отыр. Жалпы заманауи технологияларды ескере отырып, мемлекеттік қызмет көрсетуді сервистік моделіне толыққанды өту жоспарлануда. Салық есептілігін алдын ала толтыру және жасанды интеллект, мәтінді аналитиканы кеңінен қолдану жоспарланып отыр.
Қазір ведомство жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Ол бюджет пен салық саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Гүлмира Ахметова, ҚР ҚМ МКК IT-менеджмент басқармасы басшысының орынбасары:
- Жаңа салық кодексін әзірлеу жұмысы қазіргі уақытта жалғасуда. Бұл ретте Үкіметтің тапсырмасына сәйкес жаңа салық кодексінің жобасын Үкіметке енгізу мерзімі ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейін белгіленген. Ал бұл жобаны Мәжіліске енгізу мерзімі ағымдағы жылдың 15 мамыр айы деп белгіленіп отыр.
Қазір микро- және шағын кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге басымдық берілген. Олардың кедергісіз жұмыс істеуі үшін жағдай жасалуы тиіс. Жан-жақты қолдау қажет. Ал толықтай сандық режимге көшетін салық жүйесі іскер азаматтардың жұмысын жеңілдетуі керек. Сарапшылар толық цифрландыру қарапайым халықтың да қаржылық сауаттылығы арттырады деп отыр.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
- Мұның тек қана кәсіпкерлерге емес, қоғамға да пайдасы үлкен. Өйткені қазір азаматтар мынау кірістердің қалай болып жатқанын, ашықтығын талап етіп отыр. Яғни осы арқылы біз бюджеттің кіріс бөлігін осы цифрландыру арқылы болған сайын, зейнетақының да мөлшері артады, жалпы қоғамда қаржылық сауаттылықтың орнауына әкелетін бірден бір жағдай.
Тиімді салық саясаты отандық экономиканы қарқынды дамытуға жол ашады. Саланы реформалау арқылы мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жасалады. Ұлттық табысты әділ бөлудің жолы қалыптасады.
Альмира Оразбай