Биыл «Орталық Азия» өнеркәсіп орталығының құрылысы басталады
Биыл тамыз айында «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация кешенінің құрылысы басталады.
Бұл жайында еліміздің сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлім етті. Ол Өзбекстанға сапары аясында осы елдегі әріптестерімен жобаның жай-жапсарын талқылады. Қазақстанда мақта өңдеу фабрикасын ашуды көздеген инвестормен де кездесті.
Қазақ пен өзбектің шекаралас аймағы Түркістан және Сырдария облыстарында салынатын өнеркәсіптік кешен 100 гектар аумақты қамтиды. Толыққанды іске қосылып, сауда-саттығы жолға қойылатын кезең 2030 жыл деп межеленіп отыр. Біздің ел тарапынан жер телімі бөлініп, жергілікті инвестор табылған. Кәсіпкер Қазақстанға тиесілі 50 гектар аумақта тиісті инфрақұрылым жүргізбек. Жабық кешен салып, өндіріс және көтерме саудаға лайықты жағдай жасайды. Араға делдалдар кіргізілмейді. Орталық салынған соң онда кәсіп бастаймын деушілер қазірден көбейіп келеді.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және өнеркәсіп вице- министрі:
- Біздің жақтан негізгі инвестор пайда болды. Осы инвестор индустриалды зона арқылы мемлекетпен жекеменшік капитал қосып істейтін жобасы. Қазақстан жақтан 50 гектар бөлінді. Оны 100 гектарға дейін өсіру жоспарланып отыр. Осы тамыз айларында орталық салына бастайды. Жұмыс тобының отырысы кезінде бірінші контрактіге қол қойылды. Өзбекстанның текстиль компаниясы осы мата жасайтын компания Қазақстанға ақша құйып, мақтасын өңдеп, Қазақстанға және басқа елге сатуды жоспарлап отыр.
Өнеркәсіптік кешеннің Қазақстандағы бөлігі индустриалды аймақ мәртебесіне ие болады. Яғни кәсіпкерлер мемлекеттік жеңілдіктерге қол жеткізеді. Кейін өндірілген өнім екі елдің нарығы мен үшінші мемлекеттерге экспорттала бастайды. Нәтижесінде қазақ пен өзбектің өзара сауда айналымы 10 млрд долларға жетуі тиіс.
Бекмурод Акбаров, Сырдария облысы инвестиция және сауда басқармасы басшысының орынбасары:
-Құрылысты 2027 жылға қарай аяқтаймыз. Қазір екі жақта орналасатын, кәсіп бастайтын инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Жергілікті ғана емес, шетелдік те бизнес өкілдері осында өндіріс ашуға ниетті. Оған дейін қажетті инфрақұрылымды жеткіземіз.
Құрылыс Түркістан және Сырдария облыстарының ішкі жалпы өнімін арттырып қана қоймай, шекаралық аймақтарды ірі логистикалық хабқа айналдыруға сеп болады. Екі жақтан да осы іспен айналысатын мекемелер белгілі. Тараптар кездесу аясында тиісті құжатқа қол қойып, өздеріне тиесілі аумақта қадағалауды күшейтетін болып келісті.
Рауан Мыңбаев