Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында кәсіпкерлік нысан саны артты
Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданында кәсіпкерлік нысан саны 11 мыңға жетті.
Бір қуантарлығы, тұрғындар мұнай-газ өндіруден басқа салаларда табыс табуға болатынын іс жүзінде көрсетіп жүр. Қазір ауданда жеңіл өнеркәсіп, мал шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салалары қарқынды дамып келеді. Жеке кәсіпкерлер 17 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отыр.
Маңғыстау ауылында ортопедиялық матрац шығаратын цех бар. Мұндай кәсіпорын облыста әзірге жалғыз. Жеке кәсіпкер жобаны мемлекеттік бағдарлама қолдауымен жүзеге асырған. Цех ұжымы айына бір мыңдай матрац әзірлейді. Есхат Қайратұлы білікті маманның бірі. Қызмет өтілі бес жылдан асқан ол өз білгенін өзгелерге үйретіп жүр.
Есхат Қайратұлы, Маңғыстау ауылының тұрғыны:
- Менің міндетім негізгі осы ортопедиялық матрастарды құрастырып жасау. Кокос, паралон ортасында. Ембі пружина деген заттары бар. Паралондар бар әр түрлі нәрселерді бір-біріне клей арқылы бекітіледі, солай жасалатын нәрсе.
Батыр ауылында 50 адам жұмыс істейтін тігін цехының өнімдеріне сұраныс жоғары. Жұмысшылары Мұнайлы ауданының тұрғындары. Мұнда айына екі мың дана арнайы киім тігіледі. Өндірісте киілетін болғандықтан қызметтік формалар берік матадан жасалады. Ақсырға Тәжіқосованың осында жүргеніне биыл екінші жыл. Ол әріптестерімен бірге күніне жүзге жуық күртеше тігеді.
Ақсырға Тәжіқосова, Батыр ауылының тұрғыны:
- Келеміз, жұмысымызды жасаймыз. Отырған жеріміз жылы жер, обедіміз дайын. Ақшамызды тапқанымызша табамыз. 250 мың мен 150 мыңның аралығында ақша табамыз. Ауылымызда осындай мекеме ашылып жатқанына, жасап жатқанымызға рахмет. Қуанамыз.
Мұнайлыда кәсіпкерлік субьектілерінің саны жылдан жылға артып келеді. Ауданда негізінен дүкен-мейманхана, сұлулық салоны, туристерге қызмет көрсетуші және сервистік қызмет көрсетуші кәсіпорын көп. Мамандар ауыл халқының бизнес ашуға ынталы болуын ірі елді мекеннің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуымен байланыстырады.
Бекболат Қабатбаев, Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және АШБ басшысының орынбасары:
- Бірден-бір себеп кәсіпкерліктің дамуы - біздің Ақтау қаласына жақын орналасуына орай ауданымыз және де мемлекеттік қолдаулар. Аудан тұрғындарына 6 пайызбен несие, көп балалы аналарға жеңілдік қарастырылған 4 пайызбен және Аграрлық несие корпорациясы арқылы жастар несиесі, яғни 2,5 пайызбен несиелер беріліп отыр.
Былтырдан бері аудан көлемінде ауыл шаруашылығы саласында тың жобаларды қаржыландыру жалғасып жатыр. Төрт түлікті өсіріп, ет пен сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға мемлекеттен қолдау бар. Бұдан бөлек «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы жұмыссыздықпен күресуге сеп болуда. Оның аясында 36 кәсіпкер мемлекеттен 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие алған.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев