Автобусты «жер жұтқан» кеніште жұмыс уақытша тоқтатылады
«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасының жұмысы уақытша тоқтайды.
Себебі шикізат қоры түгесілген. Қаңтар айында жұмысшылар мінген автобус шыңырауға кұлап кеткеннен кейін, кен өндіру ісіне шектеу қойылған еді. Жалпы кәсіпорында 933 адам еңбек етеді. Шахтада және тау-кен техникасы учаскесінде жұмыс істейтін 150 адамның жұмысы бұған дейін уақытша тоқтатылған болатын. Олардың жалақысы жартылай сақталған. Алдағы уақытта олардың қатарына тағы 600-ге тарта кенші қосылмақ. Қазір 143 адам еңбек демалысында. Ал бала күтіміне байланысты демалыста отырған және әскери борышын өтеп жүргендерге бұл өзгерістің қатысы жоқ-дейді мамандар. Жұмыс берушінің ақпаратына сүйенсек, қызметкерлерді қысқарту мәселесі қарастырылмайды. 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап кәсіпорын жұмысын қайта бастауы мүмкін.
Абылай Сабыров, облыстық еңбек басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Жұмыс берушінің айтуы бойынша 2024 жылдың 22-23 ақпанында жоспарлау бойынша фабриканың жұмысы тоқтатылады. Бүгінгі күні тоқтату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыскерлер жаңағыдай 50 процент жалақы алады және де қазіргі таңда оның саны бойынша ақпаратты осы жұманың соңына дейін ақпаратты жолдайды.