Өскеменде бөлшек салық мөлшерлемесі төмендеді

Өскеменде бөлшек салықтың мөлшерлемесі 4 проценттен 2 процентке төмендеді.

Бірақ жұмысшы саны 200-ден аспайтын және жылдық түсімі 2 миллиард теңге шамасында болатын кәсіпкерлер ғана бұл жеңілдіктің игілігін көре алады. Жалпы бизнес өкілдері бұл сұрақты жарты жыл бойы көтеріп келді. Олардың айтуынша, салық режимін жеңілдетудің себебі көп. Мысалы, қазір сметалық шығын, жалға алу ақысы, коммуналдық қызмет төлемдері өскен. Кәсіпкерлердің уәжі мен ұсынысын қала әкімдігі жанындағы жұмыс тобы қарап, мәслихат депутаттарының қолдауымен 2 проценттік салық мөлшерлемесі бекітілді.

Рустам Адамов, кәсіпкер:

- Ақтөбелік кәсіпкерлер де 2 проценттік мөлшерлемеге қол жеткізіп, тиімділігін сезінді. Шығыс Қазақстан облысы бизнес өкілдерінің де айы оңынан туды деп ойлаймын. Біздің пікірімізге құлақ асқаны қуантады. Меніңше, қазір салық базасы, салық төлеушілер қатары ұлғайып келеді.