Министрлік коммуналдық тарифтердің өсу себебін түсіндірді
Ұлттық экономика министрлігі коммуналдық тарифтердің неге өскенін түсіндірді.
Бұл қызметтердің құны ел бойынша орта есеппен 20-25%-ке көтерілген. Мұндай шара инфрақұрылымдық нысандардағы жаңа апаттардың алдын алып, ескірген желілерді жаңарту үшін қажет дейді министрлік өкілі. Алдағы уақытта тарифтер тағы да өзгеруі мүмкін.
Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:
- Кейбір тарифтер өсті. Ал енді бірі бұрынғы бағамен қалды. Коммуналдық қызметтердің құны әр өңірде әртүрлі. Бұл орташа экономикалық көрсеткіш. Жалпы коммуналдық сала аз қаржыландырылады. Ал инвестиция тартудың тек екі жолы бар. Біріншісі тарифтер, яғни тұтынушылардан түсетін қаржы. Екіншісі бюджет. Ол салық төлеушілердің ақшасы. Сайып келгенде су, жылу, жарық жүйесі дұрыс жұмыс істеу үшін, апат болмау үшін оған қаржы құю керек.