Қазақстанда несие мен депозит мөлшерлемесі өзгеруі мүмкін

Елде базалық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін.

Қаржыгерлер осындай болжам жасап отыр. Ал ертең ұлттық банктің ақша-несие саясаты комитетінің кезекті отырысы өтеді. Онда шығарылған шешімге қарай, екінші деңгейлі банктердің несие мен депозит мөлшерлемесі өзгереді.

Қаңтарда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты Гонконгтегі Credit Agricole CIB (Си Ай Би) банкіне орналастырылды. Нақтырақ айтқанда Ұлттық банк 134 млрд 500 млн теңгені депозитке салған. Бірінші несие бюросының хабарлауынша, ұлттық банк 2022 жылдан бері бірінші рет осындай қадамға барып отыр. Соңғы рет басқарушы депозитті 2022 жылдың қыркүйегінде ашқан болатын. Валюта портфелінің табыстылығын сақтау мақсатында депозиттегі қаржы доллар бағамында құйылған екен. Әзірге бұл шетелдік банктердегі жалғыз депозит. Ол жалпы портфельдің 0,74%-ын құрайды.

Бұған дейін зейнетақы қорының қаржысын темір жол вагондарына инвестициялау туралы шешім қабылданған еді. Нақтырақ айтқанда, 173 млрд сомаға «Бәйтерек» холдингінің облигациялары сатып алынады. Ал холдинг бұл ақшаға вагондар алады. «Бәйтерекке» тиесілі квазимемлекеттік сектордың бағалы қағаздары ай басында портфельдің 10 пайызын құраған-ды. 

Вагондарға құйылған инвестициядан қанша кіріс түсуі мүмкін? Ондай болжам бар ма?

Әзірге бұл туралы ешқандай ақпар жоқ. Бірақ қордағы қаржының инвестициясына Ұлттық банк жауап береді. Ресми сауал жолдадық. Енді ұлттық банк тарапынан Зейнетақы жинағының кәріз құрылысына бағытталуы, вагон сатып алуға қатысты ресми жауапты күтіп отырмыз.

Ертең Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін жариялайды. Тұрғын үй коммуналдық қызмет тарифтерінің өсімі, ұлттық қордан бюджетке қаржы құю, жыл басындағы ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру секілді инфляцияға әсер ететін бірқатар факторға қарамастан, қаржыгерлер оның төмендеуін күтіп отыр. Еске сала кетейік, қазіргі базалық мөлшерлеме 15,25 пайыз деңгейінде. 

Мөлшерлемені 50-ден 100 пунктіге дейін түсіруге болады. Халық файнанс талдау орталығының сарапшылары осыған сенімді. Әрине, бұған әлемнің инфляциялық қысымнан біртіндеп босауы ықпал етіп отыр. Жалпы, базалық мөлшерлеменің бірден 50-100 пунктіге түсуі ел экономикасын ынталандыруға сеп болмақ, дейді сарапшылар.

Базалық мөлшерлеме төмендейді. Бұған ешкімнің шүбәсі жоқ. Бірақ ол қанша пунктіге түседі? Мәселе осында. Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы күрт түсімді күтпейтінін айтады. Сұрау салған сарапшылардың 75 пайызы 25 базалық пунктіге төмендейді деп болжаса, қалғаны 50-ге дейінгі түсім болады деп тұспалдайды. Яғни оның диапазоны 15 пен 14,75 базалық пункт аралығында болуы мүмкін.

Рамазан Досов, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бас сарапшысы:

- Базалық мөлшерлемені біршама түсіруге болады. Бірақ сарапшылар Ұлттық банк консервативті ұстанымынан айнымайтынын айтады. Себебі ел ішінде және саудадағы серіктес мемлекеттерде инфляциялық тәуекелдер әлі сақталып отыр. Сондықтан Ұлттық банк мөлшерлемені күрт төмендетпейді. Жыл бойындағы ахуалға қарай мөлшерлемені қай уақытта қаншаға түсіруге болатынын талдап барып, шешім қабылдайды.

Ұлттық банк жылына 8 рет шешім шығарады. Қаңтарда экономикалық өсім 3,9 пайыз деңгейінде болған. Енді оны межелі 6 пайызға жеткізу үшін, базалық мөлшерлеменің төмендетілетіні айдан анық. Тек айналадағы геосаяси жағдай, халықаралық сауда-экономикалық қатынастың аяқ алысын бағамдауға міндетті.