Павлодарда коммуналдық қызмет қымбаттады
Ақпанның бірінен бастап Павлодар облысында коммуналдық қызмет түрлері жаңа тарифті қолданысқа енгізді.
Қарапайым тұтынушылар үшін судың бір текше метрінің құны 58 теңгеден 72 теңгеге өсті. Ал электр энергиясының кВт сағаты 12 теңгеден 14 теңгеге көтерілді.
Бұл өзгеріс «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатыр. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне су, жылу және электр энергиясына тарифті көтеру бойынша өтінiш түскен. Осыған орай қоғамдық тыңдаулар өтіп, шешім қабылданды.
Осыдан бір жыл бұрын Екібастұз қаласы ірі коммуналдық апатты бастан кешті. Жылу орталығындағы ақаудан қаланың тең жартысы жылусыз қалды. Жылу магистральдары қысымға шыдамай, бірінен соң бірі жарылып жатты. Тығырыққа тірелген тұрғындар жаппай жылытқыш құралдарын қосуға мәжбүр болды. Ол электр желісіне салмақ түсіріп, қақаған аязда жарықсыз қалғандар жылыту пунктерін паналады. Осындай күрделі жағдайдан кейін Үкімет резервінен, облыстық және Екібастұз қалалық әкімдігінен, акционерлерден «Екібастұзжылуэнерго» орталығын жаңғыртуға 11 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Осының арқасында он қазандық жөндеуден өтіп, 400 шақырым жылу желісінің 75 шақырымы жаңартылды.
Анатолий Моисей, "Екібастұзжылуэнерго" бас директорының м.а.:
- Тарифтен түсетін миллиард теңге бізге жетпейді. Бұл қазір ең көкейтесті мәселе болып тұр. Өткен жылы жылыту маусымы қарсаңында жүргізілген жөндеу науқанын 2024-2025 жылдары ары қарай жалғастыруымыз керек. Сонда ғана қыстан қысылмай шығамыз және жылу орталығы дәл бүгінгідей тоқтаусыз жұмыс істейді.
Энергетика саласының ардагері Сергей Соколов тарифті көтеру мәселені түбегейлі шешпейтінін алға тартады. Жылу орталығының бір жылғы шығыны 14 миллиард теңгеге жуықтайды. Ол аталған соманың қай бағытқа жұмсалатынын жік-жігімен айтып берді. Осы жылдың 10 ақпанынан 2025 жылдың 31 қаңтарына дейін жаңа тариф енгізіліп отыр. Тұрғындар бір гигакалория үшін өзіндік құнын есептемегенде 2 мың 781 теңге төлейтін болады.
Сергей Соколов, Екібастұз қаласының тұрғыны:
- Екібастұзда тұтынушылар саны 50 мыңға жуықтайды. Коммуналдық төлем 100 процент төленгеннің өзінде 7 миллиард теңгеден сәл асатын қаржы жиналады. Ол Екібастұздың жылу энерго орталығына қажетті соманың жартысы ғана. Сондықтан бұл мәселе тек қана мемлекеттің қолдауымен оң шешемін табады.
Биыл Павлодар облысында бірнеше инвестициялық жоба қолға алынды. Тозығы жеткен жылу және электр желілерін, кәріз және су құбырларын жаңартуға монополистер 30 миллиард теңгеге жуық инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл ақшаның шамамен үштен бір бөлігі жоғары тарифтер арқылы қайтарылады.
Нұрлан Нұрмұратов, Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы:
- Бұл бағдарламаның қабылдану мақсаты – тозығы жеткен инфрақұрылымды қайтадан жаңарту, жаңғырту. Өйткені жалпы бізде еліміз бойынша инфрақұрылым су болсын, жылу энергиясы, электр энергиясы бойынша үш негізгі көрсеткішке бөлініп, сарапталып, талдау жасалды. Қызыл бөлікте тұратын, сары бөлікте және жасыл бөлікте тұратын. Сол қызыл бөлікте тұратын субъектілер бойынша қосымша қаражат тарту қажет болды. Өйткені ол тозығы жеткен инфрақұрылым халыққа беретін қызмет сапасын нашарлатады.
Аталған бағдарламаға қатысу үшін кәсіпорындардан өтінім әлі де түсіп жатыр. Тарифті көтермес бұрын алдымен қажетті талдаулар жасалады. Қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылып, тұтынушылардың талап-тілектері ескеріледі. Тарифті инвестицияға айырбастау тұжырымдамасы негізінде алдағы бес жылда коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 15 процентке төмендету көзделіп отыр.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков «24.KZ» Павлодар облысы.