Ақсақал, зейнетақыңызды қарызға алсақ деп едік?..
Зейнетақы қорындағы ақшаға теміржол вагондары сатып алынады. Неліктен?
Иә, халық жылдар бойы шотқа жинаған ақшасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете ме деп алаңдайды.
Үкімет бір оқпен екі қоянды атып алуды көздеп отыр.
Яғни қордағы ақшаны кәдеге жаратып, қосымша табыс таппақ.
Алаңдауға негіз жоқ
Бірден айтайық, алаңдауға негіз жоқ. Бұл жерде мемлекет кепілдік беріп отыр. Яғни ақша шекара асып, шетелге кетпейді. Ел ішінде айналады.
Негізі бұған дейін де қор қаржысын инфрақұрылымдық жобаларға тарту туралы мәселе көтерілді. Нақты айтқанда, былтыр 1,5 трлн теңге энергетика нысандарын жаңғыртуға жұмсалатыны белгілі болды. Сондай-ақ кәріз жүйесін жөндеуге де қор қаржысын жарату жоспары қаралып жатыр.
Енді Үкімет зейнетақы қорындағы қаржының есебінен теміржол вагондарын жаңартуды жоспарлап отыр. Яғни 184 млрд теңгеге 100 жолаушылар вагоны мен 3 мың жүк вагоны сатып алынады. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі бұл қаржыны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қарызға алады.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Зейнетақы қорынан қаржы бөлінеді деп қоғамда қызу талқыланып жатыр. Иә, зейнетақы қорынан ұлттық басқарушы компания, яғни «Бәйтерек» холдингі қаржы алды. Соның ішінен вагондарға 184 млрд теңге жұмсалып отыр. Оған жолаушылар тасымалдайтын 100 вагон және жүк тасымалдайтын 3000 вагон алынып жатыр. Бірақ бұл жерде мен 4 бағытқа көңіл бөлгім келеді. Жалпы зейнетақы қорындағы қаржы сол жаққа қаржысын салған кісілерге міндетті түрде пайда алып келуі керек. Бұл ретте, бірінші мәселе сол жақта тұрған ақшасы халыққа, елге, жұртқа пайда алып келіп жатыр.
Министрдің сөзіне сүйенсек, қаржы нарықтық пайыздық мөлшерлемемен қарызға беріледі. Яғни жеңілдетілген несие емес. Бұл өз кезегінде қор табысын еселейді. Екіншіден, «Бәйтерек» – мемлекеттің меншігіндегі холдинг. Сондықтан қарызға берілген ақшаның қорға міндетті түрде қайтарылатынына мемлекет толық кепілдік береді. Тағы бір маңызды тұсы – вагондар шетелден емес, отандық зауыттан сатып алынады. Жолаушыларға арналған вагондарды Петропавлдағы зауыт, ал жүк вагондарын Екібастұздағы кәсіпорын құрастырады.
Әрине, ой безбеніне салып көрсек, қордағы қаржының құр жатпай, ел игілігіне жаратылғаны жөн. Оның үстіне ақшаның құмға сіңген судай жоғалып кетпейтініне мемлекет кепілдік беретіні көкейге сенім ұялатады.
Соның нәтижесінде отандық зауыттың жұмысы жүріп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатса, нұр үстіне нұр болғаны. Қаңтардың соңында «Бәйтерек» холдингі құны 190 млрд теңге болатын облигацияларды саудаға шығарды. Түскен қаражат көлік инфрақұрылымына жұмсалатынын мәлімдеді. Ал іле-шала Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы активті басқаратын Ұлттық банк 173 млрд теңгеге облигация сатып алатынын хабарлады. Бұл келісім экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыру үшін жасалды. Облигациялар 15 жыл айналымда болады. Яғни бұл құнды қағаздар 15 жыл бойы салымшыға табыс әкелуге тиіс. Жалпы зейнетақы қорындағы қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқанын қор сайтында ай сайын жарияланатын есептен көруге болады.
Несие алушылар азайды
Тағы бір айта кетерлігі, елде несие алушылар қатары азайды. Қаңтардағы көрсеткіш осындай. Қазақстандықтар 1 трлн 200 млрд теңге қарыз алды. Бұл – былтырғы мамыр айынан бергі ең төменгі меже. Борышкерлердің әрқайсы орта есеппен 266 мың теңге қарыз алған.
Ал несиенің жалпы сомасы 1 ақпандағы жағдай бойынша 20 трлн теңгеге жуықтады. Жан басына шақсақ, бір адамның мойнында 2 млн теңгеден астам қарыз бар.
Заңды тұлғаларға берілген несие туралы сөз қозғасақ. Бизнес нысандары қаңтар айында 38 мыңға жуық несие алды. Сомасы 1 трлн теңгеден асады. Ақпанның басындағы дерекке сүйенсек, портфель көлемі 24 трлн теңгені еңсерді. Бір нысанға орта есеппен 28 млн теңгеден келеді.