Инвесторлар геологиялық барлау ісіне қызығушылық танытады
Инвесторлар Қазақстандағы геологиялық барлау ісіне қызығушылық танытады.
Алайда құйған қаржысын ақтау үшін тиімді инвестициялық климаттың құрылғанын қалайды. Бельгия, Нидерланды және Люксембург сауда палатасының Президентін Денис Ванденвейхтың айтуынша, бұл ретте заңнамалық тұрғыдағы кілтипан бар көрінеді. Бұл туралы бүгін Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан халқы ассамблеясының кәсіпкерлер қауымдастығы ұйымдастырған дөңгелек үстел кезінде айтылды. Негізі, аталған мәселе бұрыннан көтеріліп келе жатыр. Мемлекет басшысы да былтырғы жолдауында өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізетін инвесторлар жер қойнауын пайдалануда басым құқыққа ие болу қажеттігін айтқан еді. Бүгінде шикізат қорын барлауға үш жыл уақыт беріледі. Алайда осы аралықта шетелдік және отандық кәсіпкерлер құйған қаржысын қайтаруға үлгермейтін сыңайлы.
Балтабек Қуандықов, "Мұнайшы-геологтардың қазақстандық қоғамы" ҚБ президенті:
- Содан кейін олардың жұмысын жалғастыруға басқа процедуралар қаралған. Соны өзгеріс енгізу, мысалы ең болмаса бір жыл уақытқа соларға мүмкіншілік беріп әрі қарай өткізіп жатқан аукцион бар, тендер бар қатысқанда, барлық тең жағдайда соларға бір басымдық берілу керек сияқты.
Денис Ванденвейх, Бенелюкс сауда палатасының президенті:
- Жеке инвестор тәуекелге бас тігіп, барлау ісіне өз қаржысын салады. Мұнай көзін таба ма, жоқ па? Қандай тереңдікте табылады? Оның сапасы қандай болмақ? Осындай тәуекелдерге қарамастан инвестция құяды. Сондықтан табылған кен орнын әрі қарай игеріп, салған қаржысын қайтара алуы шарт.