Өмірді сақтандыру бойынша ₸30 млрд төленді

Сақтандыру саласы да технологиялық өзгерістерге бейімделіп жатыр.

Жасанды интеллект пен цифрландыру бұл нарықтағы сатылымды екі есе арттырған.

Қазір міндетті сақтандыруды айтпағанда өмірін ерікті түрде сақтандыруға көңіл бөлетіндер де көбейген. Компаниялар арасындағы бәсеке қандай?

Нарықта ойыншы көп. Бірақ халық арасында сұраныста жүргендері бірен-саран.

Өмірді сақтандыру бойынша 30 млрд теңге төленді

Былтыр өмірді ерікті түрде сақтандыру сыйақыларының көлемі 225 млрд теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылдан 20%-ке көп. Төлемдер де 2,5 есе өсіп, 30 млрд теңге болды. Сақтандырудың сан түрі бар. Оның ішінде өмірді ерікті түрде сақтандыру төлемдерінің үлес салмағы 6%-тен 10,6%-ке дейін өскен. Нарықта 9 компания жұмыс істейді.

Алайда біреуінің бәсі басым. Өмірді сақтандыру бойынша жиналған сыйақылардың 44%-і оған тиесілі. Бұл – шамамен 99 млрд теңге.

Естеріңізде болса, 2021 жылы барлық сыйақыны қоса есептегенде өмірді сақтандыру бойынша көрсеткіштер 21% құрап, рекордтық деңгейге жеткен еді. Бірақ коронавирус пандемиясы алынғалы бұл үрдіс қайта баяулады. Қазір оның үлесі 19% ғана.

 

Сақтандыруды цифрландыру

Өткен шілде-желтоқсан айларында сақтандыру нарығы 2,4 трлн теңгені құрады. Сақтандыру сыйақыларының көлемі 578 трлн теңгеге жеткен. Яғни, 2,5 есе көп. 9,5 млн адаммен шарт жасалды. Сарапшы Азамат Керімбаевтың айтуынша, бұл көрсеткішке жеңілдетілген автонесие мен ипотека себеп болды. Цифрландырудың да оң ықпалы бар. Ол арқылы қадағалау мен реттеу және тұтынушы мен сақтандырушы арасындағы тікелей қарым-қатынасты дамытуға қол жеткізілген. Бүгінде сақтандыру нарығында 25 компания бар. Барлығы дерлік сақтандыру полистерін онлайн ұсынады.

 

Жұмысшыны міндетті сақтандыру үлесі артты

Былтыр өндірістегі жазатайым жағдайлардан зардап шеккендерге 15 млрд теңге өтемақы жасалды. Бұл алдыңғы жылдан 145%-ке көп. Ұлттық Банк мәліметіне сүйенсек, жұмысшыларды өндірістегі жазатайым жағдайдан міндетті сақтандыру үшін 87 млрд теңге бөлінген. 2022-дегі көрсеткіш 20%-ке аз еді. Жалпы елде жұмысшыларды міндетті сақтандыру жүйесі 2005 жылы енгізілді. Бір жылға арналған сақтандыру мерзімін ұзартып отыру керек.

Жазатайым жағдайда жұмысшыға өтемақы жасалады. Алайда залал деңгейін ажырату маңызды. Ол 30-100% аралығында болса, төлемді сақтандырушы жасайды. Одан кем болса, жұмысшы өтеуге міндетті. Зардап шегуші ұзақ уақыт бойы жұмысына кірісе алмаса, өтемақы ай сайын төленеді. Ол жұмысшының орташа жалақысына қарай есептеледі. Оның өзінде ақы көлемі 10 АЕК аспау керек.

Айман Мықтыбаева, өмірді сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Сақтандыру көрсеткіштерінің өсуіне өмірді сақтандыру компанияларының белсенді жұмыс істеуі әсер етті. Сақтандырылған кәсіпорындардың да саны едәуір өскен. Өмірін сақтандыруға ниетті жеке тұлғалардың үлесі 7%-ке артты. 2022 жылы бұл 11 мың кәсіпкер болса, 2023 жылы 70 мыңға жуықтаған.

Ал міндетті сақтандыруды қаперге алмаған жұмыс беруші айыппұл арқалайды. Мысалы, шағын бизнес үшін оның көлемі 160 АЕК-ке тең. Бұл – шамамен 600 мың теңге. Орта бизнес өкілдері үшін айыппұл көлемі екі есе көп. 400 АЕК немесе 1,5 миллион теңге. Ірі кәсіпорындарға 4 миллион теңге айыппұл салынуы мүмкін. Жұмыс беруші борышын 1 апта ішінде өтесе, оған 50%-тік жеңілдік ұсынылады. Мамандар жұмысшыларды сақтандыруға немқұрайлы қарамауға кеңес береді. Себебі полисті рәсімдеу айыппұл төлеуден арзанырақ.

Өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 4%-ін жоғалтады. Жыл сайын 3 млн адам кәсіпорындарда көз жұмады. 374 млн адам зардап шегеді. Ал өтемақы көлемі 167 млрд доллардан асады. Халықаралық еңбек ұйымы келтірген дерек осындай.

Міндетті сақтандырудан жалтарған кәсіпкер айыппұл төлейді:

Шағын бизнес – 160 АЕК            

Орта бизнес – 400 АЕК

Ірі бизнес – 1000 АЕК.