Елімізде бірқатар субсидия түрлері заңсыз берілген

Елімізде тыңайтқышқа арналған субсидияны заңсыз алған шаруа қожалықтары бар.

Мәселен, 2022 жылы субсидия алуға жалпы құны 38 млрд теңгеден астам 18 мың өтінім келіп түскен. Оның ішінде 364 жағдай бойынша ақшалай демеуқаржы жалған сертификаттар арқылы берілген. Шығын көлемі 1 млрд 200 млн теңгеге тең. Осыған байланысты техникалық реттеуді жетілдіріп, сертификаттау жүйесін цифрландыру қажет. Сенатор Андрей Лукин Үкімет басшысы Олжас Бектенов атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені қозғап, бірқатар ұсыныс айтты.

Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімді жүйесін құру керек. Ол үшін халықты контрафактілі өнімді тұтынудан қорғайтын бөлек мемлекеттік орган пайда болуы қажет. Бұл мақсатта техникалық реттеу және метрология, тұтынушылардың құқығын қорғау, тағы сауда комитеттерін біріктіріп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, және төтенше жағдайлар министрліктеріне тиесілі бірқатар міндеттеме жаңадан құрылатын мекемеге жүктелуі тиіс. Ал стандарттау қызметі мен эталондық базаны халықаралық деңгейде мойындалған Мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталығына беріп, «Қазстандарт» негізінде референтті зертханалар желісін құру керек.