Үш облыста жаңа мұнай ұңғымасын қазу жоспарда бар
Биыл Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстарында үш мұнай ұңғымасын қазу жоспарда бар.
«ҚазМұнайгаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, қазір қажетті жабдықтарды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, Қазақстан кеніштерінің тек 24 пайызы зерттелген. Сол себепті мемлекет барлау жұмыстарына ерекше мән беріп отыр. Бюджет есебінен бүгінде 8 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы тұтас елдің қойнауын зерттеп-барлауға жеткіліксіз. Сондықтан Президент өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізетін инвесторларға қолайлы климат құруды тапсырған еді. Атап айқанда, кен орындарын игеруге құқықтық басымдық берілгені абзал. «Дей тұрғанмен, оларға тиісті талап та қойылуға тиіс», - дейді Сәтпаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының директоры, ғалым-профессор Герой Жолтаев.
Герой Жолтаев, Қ.И.Сәтпаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының директоры:
– Лицензия берген кезде аймақта 2Д сейсмикалық жұмыс жүргізу туралы талап қою керек. Сейсмикалық барлаусыз тереңде жатқан мұнайгаз кенішін анықтау мүмкін емес. Екіншіден, компания тапсырған есептерге мемлекеттік сараптама жүргізілуі тиіс. Бұл істе мемлекеттік бақылау мен үйлестіру жұмысы қажет. Мұнай-газ саласында бұл жұмыс біршама жолға қойылған. Енді бұл қағиданы өзге тау-кен салаларына да енгізген жөн.
Айта кетейік, 2023 жылдың соңында Қазмұнайгаз акциялары саудаға шығарылған еді. Экономиканы либерализациялау міндетін қойған Президент 2024 жылы Эйр Астана мен Қазақ Газ компанияларын да IPO-ға шығаруды тапсырды. Ақпанда әуе компаниясының үш бірдей биржада акциялары саудалана бастады. Негізі «2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес бұл іс 2022 жылы атқарылуы тиіс еді.
Дегенмен, экономисттердің пікірінше, бұл жерде жоспардың мерзімінде іске асуынан гөрі компаниялардың дайындығы маңыздырақ. Инвесторлар үшін тартымды болар компания ең алдымен табысының тұрақтылығын дәлелдеуге міндетті. HALYK FINANCE сауда идеялары департаментінің бас сарапшысы осылай дейді.
Сәкен Исмаилов, Halyk Finance сауда идеялары департаментінің бас сарапшысы:
- Әлгі компаниялардың перспективасын қаржылық есептеріне қарай бағамдауға болады. Менің ойымша, қазір ҚазақГаз бен Самрұқ Энергоны айпио-ға шығаруға болады. Себебі бұлар табысты компаниялар. Акциялары инвесторларды қызықтыруы мүмкін. Ал «Қазақстан Темір жолы» әзірге шығынға ұшырап жатыр. 2022 жылғы есебіне қарасақ, табысынан гөрі шығын көп екені көреміз. Сол себепті де Қазақстан Темір жолына айпиоға шығу әлі ертерек. Самрұқ энерго да табысқа кенелген компаниялар санатында. Бірақ ол айпиоға жарым-жартылай ғана шығаруы мүмкін.
Яғни Самрұқ-энергоны IPO-ға шығарарда екіге бөлу ықтималдығы бар, дейді сарапшы. Бір бөлігі өзіне жасыл энергетикаға қатысты активтерді еншілесе, екіншісінде электр қуатын өндіруде алынатын пайдалы қазба активтерін шоғырлануы мүмкін. Алайда қайсысының табысы молырақ болатыны, жалпы кірісінің мөлшерін анықтау үшін терең талдау жасап барып қана, айпиоға шығаруға болатынын айтады.