«Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясы мұнай тасымалдауды арттырды
«Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясы мұнай тасымалдау көлемін арттырды.
Былтыр отандық кемелер 10 млн 778 мың тонна қара алтынды шетелге жеткізді. Бұл, 2022 жылмен салыстырғанда 1 млн 435 мың тоннаға артық көрсеткіш. Мұндай өзгеріске Каспий теңізі арқылы шығарудан бөлек мұнайды ашық теңіздерде тасымалдау оң ықпал етіп отыр.
Былтыр сәуірде «Ақтау» танкері бортына отандық кен орны өндірген мұнайды тиеп, Әзербайжанға бағыт алды. Бұл, Бакуге 8 жылдан кейінгі алғашқы рейс. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» бен «Шеврон» арасында келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде, «Қазақтеңізкөлікфлоты» қолдауымен Каспий құбыр консорциумы арқылы Новороссийск портына Теңізшевройл мұнайын тасымалдау қолға алынды.
Айдар Оржанов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС Бас директоры:
- Компания мұнайды Каспий, Қара теңіз, Жерорта теңіздерінде тасымалдайды. 2023 жылы «Тараз» және «Лива» танкерін сатып алдық. Осылайша флот кемелері 15-ке жетті. Қазір олар Ақтаудан Махачкалаға мұнай тасымалдауда. Биыл «Ақтау-Баку» бағытындағы кемелерге қосымша жабдық орнатылады.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Abu Dhabi Ports Group арасында әріптестік байланыс мығым. Тараптар елімізде су көлігін құрастырып, жөндейтін кәсіпорнын құруға уағдаласты. Биыл кеме өндірісін құру мүмкіндігін зерделеу жұмысы басталмақ. Келісім аясында «Қазақтеңізкөлікфлоты» және «OFCO Offshore International» компаниясының еншілес ұйымдары қазақстандық сүйреткіштерді жалға алуға 3 жылға келісімшарт жасасты.
Айдар Оржанов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС Бас директоры:
- 2023 жылы 12000 тонналық үш танкер жасауға бастама көтерілді. Жалпы елімізде Сауда флоты дамуы үшін верфь қажет. Сондықтан оның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз.
Кеме кәсіпорнын құру теңіз көлігіне кешенді қызмет көрсетуді қамтамасыз етпек. Сондай-ақ өңір экономикасын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға оң әсерін тигізеді.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев