Елде жиһаз өндірісі артты
Алайда сапа жағынан ақсау бар. Себебі салада білікті маман жетіспейді.
Барлық өнім сапасыз дей алмаймыз. Дегенмен саланы автоматтандыратын кез келді, – дейді сарапшылар.
Былтыр елде ақшаға шаққанда 82,6 млрд теңгенің жиһазы өндірілді. Бұл алдыңғы жылдан 28%-ке көп. Әсіресе кеңсе және сауда орындарына арналған жиһаздың үлесі басым. Оның өндірістік құны алдыңғы жылдан 32%-ке жоғары. Ағаштан жасалған өнімдерге де сұраныс көп. Жалпы елдегі отандық өнімдердің үлесі әзірге 31% шамасында. Қазақстандықтар сатып алған жергілікті жиһаздың жалпы құны 220 млрд теңгеден асады. Оның 23 млрд-ы Алматыда өндірілген. Жалпы өндірушілер барлық аймақта бар. Ең ірілерінің қатарын Алматы облысы мен Түркістан өңірі жалғайды.
Жиһаз саласында маман тапшы
Иә, отандық жиһаз өндірісі 20%-ке артты дедік. Сұраныс та жоғары. Оның үстіне бүгінгі тұтынушының талғамы бөлек. Заманауи түрлерін таңдайды. Алайда кейде тапсырысты орындаушыларға көңілі толмай жатады. Себебі сапа сын көтермейді. Құзырлы сарапшылардың уәжі бір: білікті мамандар тапшы.
Қазір елде жиһаз жасаумен айналысатын 2000-ға тарта кәсіпорын бар. Алайда жетеуі ғана ірілердің санатында. Қалғаны – шағын цехтар. Мұндағы өнімдердің дені қолмен жасалатыны түсінікті. Мамандар: «мәселені шешу үшін саланы автоматтандыру маңызды», – дейді. Ол үшін шағын кәсіпкерлерге арнайы жеңілдетілген несие ұсыну қажет. Кәсіби білім беру ұйымдарындағы оқу бағдарламасын да өзгертетін уақыт жетті, – дейді саладағылар.
Елде жиһаз өндірісі артты:
Алматы – ₸22,8 млрд, 29,5%
Алматы облысы – ₸8,5 млрд, 59,8%
Түркістан облысы – ₸6,9 млрд, 48,7%.
Инвестиция 4 есе артты
Былтырғы жылдың 9 айында жиһаз кәсіпорындарының негізгі капиталына 4 есе көп инвестиция салынды. Сөйтіп, оның үлесі 14 млрд теңгеге жуықтаған. Пандемия жылдары мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар жаңа жиһаз алуды тоқтатқан еді. Инвестиция да 2,6 млрд теңге шамасында болды. Мамандар жоспарлаған 8 млрд теңге түспей қалды. Тіпті жиһаз өндірушілердің біразын нарықтан кетірді.
Отандық өндіріске қолдау керек
Иә, отандық өндіріске сұраныстың да әсері болады. Алайда жиһаз өндірушілер мен жеңіл өнеркәсіп өкілдері тапсырыстан қағыламыз ба деп қапаланады. Өйткені 2 жыл бұрын қабылданған Үкімет қаулысына сай тек индустриалдық сертификаты бар кәсіпорындар мемлекеттік сатып алуларға қатыса алатын. Бұл қаулы ақпанның ортасында күшін жойды. Енді жүйеге отандық кәсіпкерлерден бөлек, шетелдік кәсіп иелері де қатысуға құқылы. Біздегі жиһазшылардың дені шағын ұйымдар екенін айттық. Енді олар өзге елдерден келетін сапасы күмәнді арзан өнімдер жергілікті кәсіпкерлерді ығыстырады деп қауіптенеді. Ал сұраныстан қағылса, біздегі өндіріс көлемі қысқаруы да мүмкін. Әрі сатып алу ісіне делдалдар да араласуы ықтимал.
Жиһаз экспорты
Біздің жиһаз бірнеше елге экспортталады. Мысалы, былтырғы сұраныс 40%-ке өскен. Осылайша, металл және ағаштан жасалған 12 млн доллардың өнімін Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанға жібердік. Импорт та бар. Қазір әрбір үйде Ресей, Қытай, Түркия, Беларусь және Италияның жиһазы тұр. Осы бір жылда үйге арналған жиһаз құны 12%-ке өскен. Әсіресе аспашамдар мен киімге арналған сөрелер бірден 15%-ке қымбаттады. EnergyProm сарапшыларының мәлімдеуінше, Ақмола облысындағы баға 28%-ке өсіпті. Алматы мен Қарағанды облыстарындағы өсім 23%-ке жуықтады. Өндіріс дамып тұрған Алматыдағы баға анау айтқандай өспеген.
Біздегі өндірушілер де импортқа тәуелді. Яғни, шикізат түгел сырттан келеді. Шикізаттың 80%-і ресейдікі. Білесіз бе? Жиһаздың өзіндік құнының 40%-ін логистика құрайды. Оған валюта бағамын да қосу керек. Әлбетте, сұраныс болса, кәсіпорындар толық қуатта жұмыс істейтін еді. Енді елде қолға алынған «Жайлы мектеп» сияқты жобалар осы ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін біршама арттыруға тиіс. Қазір соған басымдық беріліп жатыр. Әрі кәсіпкерлер де сұранысты толық қамтуға дайын екенін айтады.