Қанат Шарлапаев АҚШ-қа арнайы сапармен барды
Еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастаған делегация АҚШ астанасына арнайы сапармен барды, деп хабарлайды 24KZ.
Мақсат – екіжақты экономикалық қарым-қатынасты кеңейтіп, елімізге инвестиция мен жаңа технологияларды тарту мәселелерін талқылау. Сапар аясында америкалық бизнес өкілдерімен бірнеше кездесу өткізу жоспарланған.
Қазақстан делегациясы сапардың алғашқы күні АҚШ халықаралық дамыту қаржы бірлестігінің бас атқарушы директорының орынбасары Ниша Бисвалмен жабық есік форматында кездесу өткізді. Екі ел арасындағы сауда-саттықты арттыруды талқылады.
Тұрар Жолмағамбетов, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:
- Мұндағы басты тақырып, бұл критикалық шикізаттық минералдар бойынша. Бүгінгі күні АҚШ мемлекеті өзінің тізімі бар 50-ге жуық қажетті металдар, минералдар қажеттілігі тізімі бар. Соның бүгінгі күні Қазақстанда 17-сі шығарылып жатыр. Жалпы екі ел арасында үлкен қарым-қатынас бар осы металдар бойынша. Енді келгендегі мақсат – бұл жақтағы қарым-қатынасты ұлғайту.
Іссапардың екінші күні АҚШ сауда палатасында жалғасты. Делегация Қазақстан-Америка іскерлік кеңесі мүшелерімен дөңгелек үстел басында жүздесті. Басқосуға Шеврон, Bechtel, ERG сияқты ірі компаниялар өкілдері де қатысты. Министр Қанат Бисимбайұлы баяндамасында инвестиция мен технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. Қазақстанда аккумулятор шығаруға қажетті шикізат өндірісі кластерін құрудың маңыздылығын атап өтті.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Біз қазір Америкаға Қазақстанның кәсіпорындарын алып келдік. Ірі тау-кен саласындағы америкалық компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олармен инвестиция Қазақстанға тарту үшін. Америкаға қазір ең басты мәселе – ол критикалық материалдар. Осы материалды олар бүкіл әлемнен іздеп жатыр, Қазақстанға қызығушылығы өте үлкен.
Кездесулерде геология саласындағы серіктестік пен жаңартылған энергия көздері, қоршаған ортаны қорғау жобаларына назар аударылды. Министр келіссөздердің басты мақсаты Қазақстанда дайын өнімдерді шығару үшін инвестиция тартуға бағытталғанын айтты. Осы ретте Ұлттық геологиялық қызмет акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев инвесторларға арнайы цифрлық платформа іске қосылғанын атап өтті. Қазақстандық делегацияның сапары ары қарай Колорадо штатындағы Денвер қаласында жалғасады.
Авторы: Айжан Сыздықова.