Алматы облысында асыл тұқымды мал басы 123 мыңға жетті
Бір ғана Кеген ауданында тауарлы-сүт фермасын құру арқылы мал тұқымын асылдандыруға 1,2 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды.
Қарқара ауылында орналасқан ауыл шаруашылығы кооперативі 20 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Бұл шаруашылық алдағы уақытта жылына 300 тонна сүт өндіреді.
Кеген ауданының Қарқара ауылындағы ауыл шаруашылығы кооперативі сементал сиырын өсірумен және ет-сүт өндірумен айналысады. Қазір бұл құрылымда 200 бастай асыл тұқымды Зеңгі баба төлі бар. Соның тең жартысы сауын сиыр. Мұнда күніне 1 тонна сүт сауылады. Жақында Чехиядан тағы 400 бас асыл тұқымды мал алынады.
Жасұлан Өмірзақов, Кеген аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Бүгінгі таңда 400 млн теңге инвестиция алып келіп отыр. Болашақта 750 млн теңгенің көлеміндегі қаражатқа тағы да мал алып келіп, ары қарай жұмысын жалғастыратын болады.
Айбол Нәбиев, ауыл шаруашылығы кооперативінің өкілі:
-Жер кішкене жетпей тұр енді. Бірақ Кеген аудандық акиматы береміз деп тұр жерді. Енді соны берсе бәрі жақсы болады. Мына жерде бүкіл ауыл дайын тұр жұмысқа 400 бас келсе расширенияға. Райымбек ауданында Қошқар ауылында бізде тағы аткорм площадка тұр. Именно осы жердің бұқалары сол жаққа кетеді откормға.
Мал тұқымын жүйелі түрде асылдандырып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту ауыл шаруашылығы саласындағы басым бағыттың бірі. Қарқарадағы тауарлы-сүт фермасына 20 адам тұрақты жұмысқа алынды. Оларға атқаратын қызметіне қарай 150 – 200 мың теңге көлемінде жалақы тағайындалған.
Жеңіскүл Сүлейменова, сауыншы:
- Осы жерде сауыншы болып жұмыс істейміз. Сиырларымыз екі уақыт сауылады таңертең және кешкілік. Бір сиыр 20 литрдан сүт береді. Екі уақыт сауғанда 40 литр. Жұмысшыларға тегін тамақ, жылы төсек, монша бәрі бар енді. Бұл жерде жағдай жақсы жұмыскерлерге.
Ауыл шаруашылығы кооперативінің жылдық болжамды кірісі 50 млн теңгені еңсерді. Болашақта бұл соманың бірнеше есе артуына бағытталған қаржылық жоспар жасалған. Кеген ауданында тауарлы-сүт фермасы мен көршілес Райымбек ауданының аумағында мал бордақылау алаңының жұмысын жолға қойған шаруашылық келешегі ірі қара өсірумен қатар, ет-сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналыспақ. Алматы облысында 56 тауарлы-сүт фермасы бар. Онда 32 мың бас сүтті сиыр ұсталады.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов