Форвардтық сатып алу бағдарламасына 40 млрд теңге бөлінді
Биыл форвард бағдарламасына республикалық бюджеттен 40 млрд теңге бөлінді.
Оның 5 млрд теңгесі үш жақты форвардтық сатып алуға жұмсалады. Яғни азық-түлік корпорациясы, қызмет алушы және өңдеуші кәсіпорындар арасында шикізатты сату бойынша келісімді жүзеге асыруға бағытталады. Жаңа тәртіп тараптарға оң ықпал етері сөзсіз. Себебі шаруа жеңілдетілген қаржы мен кепілдендірілген тұтыну мүмкіндігін алады. Қайта өңдеуші нақты белгіленген бағамен шикізатқа қол жеткізеді. Халық та дайын өнімді қолжетімді бағаға ала алады. Бағдарлама бойынша өтініштер ақпанның ортасынан бері қабылданып жатыр. Әзірге 33 агро ұйым 4,1 млрд теңге алды.
Бағдарлама ауқымы кеңейеді
Биыл бұл бағдарламаға күнбағыс, күріш және қарақұмық қосылады. Пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, оның ауқымы кеңейе береді. Қазірге ұсынылған баға бойынша жұмсақ және қатты сұрыпты бидай тоннасы 70 мың теңгеге бағаланған. Арпаның тоннасы 40 мың теңге болса, күнбағыс 60 мың теңге. Майлы зығыр мен рапс дәндерінің бір тоннасы 90 мың теңге. Азық-түлік корпорациясы күзде форвард бойынша алдын ала бағаны түзетеді, ал шаруалар астық тапсыруға қарай қосымша ақы алады.
Дақылдарға белгіленген алдын ала баға ҚҚС
- жұмсақ бидай – 70 000 теңге/тонна;
- қатты бидай – 70 000 теңге/тонна;
- арпа – 40 000 теңге/тонна;
- күнбағыс – 60 000 теңге/тонна;
- майлы зығыр тұқымы – 90 000 теңге/тонна;
- рапс тұқымы – 90 000 теңге/тонна.
Отандық тыңайтқыштар үшін субсидия көлемі 10 есе артады. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия нормативін 10 пайыздан 60 пайызға дейін өсіреді. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуына қарағанда, көмек ақы тікелей зауыттарға төленеді. Қалған 40%-ын өндірушінің өзі толықтырады. Климаттық тәуекелдерге тәуелділікті азайту үшін агротехнологияны дамыту маңызды. Министр минералды тыңайтқыштардың қолданылуы төмен екенін атап өтті. Сапалы дәндер де сирек кәдеге жаратылады. Биыл 1,5 млн тонна тыңайтқыш қолданылады. Бұл былтырғыдан 2 есе көп. Оның 60 пайызын елде өндірілетін өнім қамтиды. Ал жергілікті билік отандық тыңайтқышты уақытылы жеткізу мәселесін шешу керек.
цитата:
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі
Қазақстанда агротехнологияларды енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілмейді. Минералды тыңайтқыштар аз қосылады, сапалы тұқымдар пайдаланылмайды. Іс жүзінде мардымсыз, қағаздағы ақпаратта көбірек ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарын әртараптандыру жүзеге асуда. Техниканы жаңарту тиісті деңгейде жүргізілмейді.
Сарапшылардың болжамына сүйенсек, еліміз 10 млн тонна бидай мен бидай ұнын экспорттайды. Бұл былтырғы маусымнан 0,8 млн тоннаға аз. Көрсеткіштің төмендеуіне дақыл сапасының нашарлауы себеп. Ресейлік бәсекелестердің де бәсі жоғары болып тұр. Біздегі астыққа құрғақшылық қатты кесірін тигізді. Әсіресе Солтүстік аймақтарда жоспарлы жиын-терім көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 26 пайызға төмендеуі мүмкін.