Қазақстан Берлиндегі туристік көрмеге қатысып жатыр

Берлинде туризм саласына арналған әлемдегі ең ірі көрме өтіп жатыр.

Жыл сайын оған 180-нен астам елдің өкілі қатысады. Олардың арасында биыл Қазақстан да бар. Ұлттық бұрышымыз ашылып, келушілер Қазақстанның туризм саласындағы әлеуетімен танысты.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтардың қазақ стендіне деген қызығушылығы өте жоғары. Бәрінің көздегені бір - еліміздің мәдени және табиғи орындарымен тереңірек танысу. Көшпелі өркениет мұрасы жайлы мол мағлұмат алу.

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Таңертең біздің стендке Берлин мэрі мен Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысы келді. Одан кейін Дабл ю тити си кеңесінің бірінші жетекшісі мен Берлин Месс басшысы қонақ болды. Бұл – Қазақстанға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Жалпы біздің ел көп ұзамай осы көрменің серіктесі атануы мүмкін. Оны үлкен жетістік деп атауға болады.

Бұл көрменің біздің ел үшін маңызы зор. Елдің туристік әлеуетін халықаралық нарықтарда ілгерілетіп, саяхатшыларды мейлінше көп тартуға нағыз мүмкіндік. Сондықтан биыл ITB көрмесіне 40-қа жуық қазақстандық туристік компания қатысып жатыр. Олар келушілерге түрлі әшекеймен безендірілген қазақтың киіз үйін көрсетіп, ұлттық тағамдардан дәм татқызды.

Шритима Ваттс, бизнесті дамыту бойынша сарапшы:

- Әсіресе Қазақстан бұрышы қатты ұнады. Ұлттық тағамдары өте дәмді екен. Көңілімнен шықты. Жалпы Қазақстан табиғатының әралуандылығымен танымал екенін жақсы білем. Елдеріңізге саяхаттап барғысы келетіндердің жыл өткен сайын артуы да сондықтан.

Детлеф Мэйер, Германиядағы тәуелсіз туристік компаниялар қауымдастығының өкілі:

- Туристік саланы дамытуда Қазақстанның әлеуеті өте зор. Елдеріңіз теңіз жағасында демалудан бастап, альпинизмге дейінгі бағыттардың ұсынып отыр. Өз басым Қазақстанға тағы бір рет саяхаттап барғым келеді. Қазақ жерінде болмағаныма біраз уақыт болды.

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, қазақстан еуропалықтар үшін әлі көп танылмаған бағыт саналады. Сондықтан ITB көрмесі секілді алаңдар еліміздің туристік әлеуетін барынша насихаттауға таптырмас мүмкіндік. Шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, турбизнес өкілдерімен байланыс орнатуға жол ашады.