Несиені оңды-солды берудің заманы аяқталды
Елімізде енді кез келген адамға несие берілмейді.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтарға тұтынушылық несие беру шарттарын қатаңдатады. Заңға енгізілген бірқатар түзетуді Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Енді, қарызын өтеу мерзімі 90 күннен асқандар қосымша қарыз рәсімдей алмайды. Ал өтелмеген несиелер бойынша өсімпұл есептеуге де тыйым салынады. Тұтынушылық несиенің шекті мөлшері де белгіленді. Банктер 5 млн теңге, шағын қаржы ұйымдары 2 млн теңгеден көп қарыз бере алмайды.
Енді несие төлеу мерзімін 90 күн кешіктіргендерге тұтынушылық кредит берілмейді. Проблемалық қарыздарды коллекторларға беру тәртібі өзгереді. Бұдан былай мұндай агенттіктер жеке тұлғалардың қарыздарын бірден өндіріп ала алмайды.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қарыз алушылардың мерзімі өткен берешекті реттеу құқықтарын қорғау үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың кредиттерін төлем мерзімі өткен кезден бастап 24 айдан соң және кредитор берешекті реттеу рәсімдерін жүргізгеннен кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуына рұқсат беру ұсынылады. Бүгінгі күні коллекторлық агенттіктер едәуір көлемде жеке тұлғалардың қарыздарын сатып алып, олар бойынша қарыздың барлық сомасын қайта құрылымдаусыз өндіріп алуда.
Бүгінде 890 мыңнан астам адамның 359 млрд теңге берешегі коллекторларға өтіп кеткен. Шағын қаржы ұйымдарының онлайн несие бойынша проблемалық қарыздарының үлесі 80%-ға жетті. Бұл ахуалды күрделендіріп барады. Онлайн кредит алған 227 мың азамат қарызын өтей алмай отыр. Микро қаржы ұйымдары тарапынан да заң бұзушылықтар жоқ емес. Былтыр 13, биыл 5 компанияның лицензиясы тоқтатылған.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Біз жеке тұлғалардың проблемалық қарыздарын коллекторлық агенттіктерге сатуға екі жыл мораторий енгізуді қолдаймыз. Соңғы екі жылда коллекторлардың банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алған проблемалық қарыздары артты. Заңға енгізілген өзгеріске сай, бұдан былай агенттіктер де реттеу шараларын жүргізуге міндеттеледі.
Қаржы ұйымдарының жылдық тиімді өсімпұл мөлшерлемесін 56 пайыздан 50 пайызға төмендету ұсынысы қолдау тапты. Сондай-ақ, банкроттыққа өтініш беру кезінде қосымша құжат талап етілмейтін болды. Шамадан тыс кредит алуды азайту үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарына шекті мөлшер бекітілді. Сондай-ақ азаматтардың берешегі ай сайынғы табысының жартысынан аспауы керек. Әскерде жүрген сарбаздардың несиесін тоқтата тұруға өтінішті онлайн беру мәселесі де пысықталды.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасының негізгі мақсаттары қарыз алушылардың кредиттер бойынша қарыздарының өсуіне жол бермеу, кредиттер бойынша алаяқтықты азайту, банктердің стресстік активтерін экономикалық айналымға тарту. Сондай-ақ Үкіметтің қорытындысына банктер мен микроқаржы ұйымдарының кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің деңгейін төмендету, банк омбудсманының өкілеттігін кеңейту және «жалақыға дейін» деп аталатын микроқарыздарды беруге қойылатын талаптарды қатаңдату жөніндегі нормалар жіберілді. Бұл ұсыныстар бойынша жұмыс екінші оқылымға дейін аяқталады.
Қазір елде 8 жарым млн тұрғынның 19 трлн теңге несиесі бар. Оның ішінде 8 млн-нан астам азамат банктер мен қаржы ұйымдарынан 10 трлн теңгеге кепілсіз тұтынушылық кредит алған. 1 млн 600 мың азамат қарызын өте алмай отыр.
Рухани Асқар, Жандос Битабаров