Депутат айтқан сыннан кейін «Отбасы банктің» ипотека шарты өзгере ме?
Азаматтардың өз ақшасын өзіне қарызға береді.
Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар Отбасы банкін құйтырқы әрекетке барды деп айыптады. Мәселен, салымшы баспана бағасының 50 пайыздық жарнасын төлейді. Алайда Отбасы банкі үйдің толық бағасына несие рәсімдейді. Депутат аталған шартты алып тастауды ұсынды. Пайыздық үстемақыны бұлайша есептеу қаншалықты заңды? Жинақтаушы банктің саясаты өзгеруі мүмкін бе?
Отбасы банк негізінен несиенің үш түрін ұсынады. Соның бірі 3 жыл қаражат жинап жылдық мөлшерлемесі бес пайыздық ипотека рәсімдеу шарты. Бұл тұрғындар арасында ең көп сұранысқа ие. Өйткені бағалау көрсеткіші жоғары тұтынушыларға 3,5 пайызбен баспана алу мүмкіндігі бар. Бірақ «Бір қарағанда өте тиімді көрінген несие шартының астарында құйтырқы саясат жатыр,» – деді депутат Ислам Сұңқар.
Ислам Сұңқар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Азаматтардың өз қаражатын өзіне пайыздық үстемемен қарызға беру қаншалықты әділ? Оның үстіне, банк комиссиясы түрғын-үйдің толық бағасына есептеледі. Салымшылардың наразылығына банк «Тұтынушылардың ақшасы депозитте жатыр және кепілдік рөлін атқарады,» – деп жауап береді. Айтуларынша, бұл сомаға сыйақы төленіп, тұрығындар оның пайдасын көреді. Біз бұны банктің қулығы деп санаймыз.
Депутаттың айтуынша, депозиттегі қаражатқа 2 пайыздық сыйақы ғана беріледі. Ал мемлекеттің сыйлықақысы 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Яғни пайда мен шығын тең емес. Сондықтан несие үстемақысын үйдің толық бағасына емес тек банктен қарызға алған қаражаттың үстіне қосу керек. Мәжілісменнің ұсынысы бұл. Бірақ әріптесі оны қолдамайды. Себебі...
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл банк айлығы 500 мың, миллион теңге алатын адамдардан гөрі керісінше ай сайын жинап алатын адамдарға мүмкіндік беріп отыр. Әрине айына миллион, екі миллион, болмаса 500 мың алатын адамдар жоғары пайызбен ала берсін. Жинамай-ақ қойсын үш жыл бойы. Ал бұл жерде көп жағдайда мысалы 150-200 мың айлықтан жоқ дегенде 20 мың салып жинаудан бастайды. 30 мың салудан бастайын. 40 мыңнан жинайын деп жинаған азаматтарға арналған мүмкіндік.
Депозиттегі қаражатты кепілге алып қарыз беру осындай тәсілдердің бірі. Яғни бұл сома борышкер міндетін орындай алмаған жағдайда банктің сазға отырып қалмауына көмектеседі.
Ербол Төлегенов, қаржыгер:
- Мемлекеттік банктің тұрақтылығын да ойлау керек. Өйткені, ол мемлекеттік банк қой. Ертең бір күнде бүкіл халық басқа банкте, Каспиде, долларда ұстап, сосын келіп, қалған елу пайзыын бер деп жатса жаңағы, төмен мөлшерлемемен иә, банк банкрот болады. Оны жеткізбеу үшін банк әрине осындай тәсілге келіп жатыр. Сондықтан банкті де ойлау керек тұрақтылығын, халықтың да қамын ойлайтын сондай бір инстумент, тәсіл керек.
Эльдар Шамсутдинов, экономист:
- Банк тәуекелі жоғары тұтынушыларға да тұрғын-үй заемын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан сақтануы керек. Кейде сатып алынған мүліктің өтімділігі төмен болуы мүмкін. Сол кездерде осы әдіс қолданылады. Сонымен қатар депозитті кепілге қойып несие алатындар да бар. Ол кезде де пайыздық сыйақы толық сомаға есептеледі. Бірақ мөлшерлемесі төменірек болады. Кейін тұтынушы депозиттегі қаражатты қарызды толық жабуға немесе жаңа қарызға кепілдік ретінде қолданады.
Сарапшының айтуынша, жинақтаушы банк сыйақысын тек қарызға алынған сомаға есептеу үшін нарықтық шарттарға көшуі керек. Яғни екінші деңгейлі банктердегі пайыздық мөлшерлемемен теңескенде ғана тәуекелі азаяды. Ал қазіргі шарттар өзгерсе банк тақырға отыруы мүмкін. Салдарынан салымшылар тиімді пайыздық мөлшерлемемен несие ала алмайды.
Серік Селеубайұлы