Қазақстанда «Үміт» бағдарламасы басталды

Елде «Үміт» бағдарламасы пайда болды. Ол кәсіптегі әйелдерді қолдауға бағытталған, деп хабарлайды 24KZ.

Жобаны жүзеге асыруға «Даму» қоры 10 млрд теңге бөлді. Елдегі әйел кәсіпкерлердің әлеуеті қандай?

«Даму» қоры қолдаған жобалардың 47%-ін әйелдер бастаған.

«Үміт» бағдарламасы басталды

«Үміт» бағдарламасы әйелдердің кәсібін дамытуға мол мүмкіндік береді. Тіпті ауыл-аймақтағы қыз-келіншектер де екінші деңгейлі банктер арқылы несие рәсімдеп, ісін ілгерілетуге құқылы. Қарыз инвестиция және айналым қаражатын толықтыруға жұмсалады. 100 млн теңгеге дейінгі несиені 84 айға шейін алуға болады. Бағдарламаны жүзеге асыруға 10 млрд теңге бөлінді. «Даму» қорының өкілдері мұндай қолдаудың қаржы және сақтандыру саласы, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар және көтерме-бөлшек сауда салаларына арналмағанын ескертті. Ал барлық қатысушы Еуропа қайта құру және даму банкімен әріптестік аясында тегін оқу курстары және тренингтерден өте алады.

Гаухар Бөрібаева, «Даму» қорының басқарма төрағасы:

- Үкімет Қазақстандағы шағын және орта бизнесті, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға көп көңіл бөледі. Шағын және орта бизнес иелері құрылымындағы әйел кәсіпкерлердің үлесі «Даму» қоры қолдаған жобалардың жалпы санының 47%-іне жетті. Қор жұмыс істей бастаған уақыттан бері әйел кәсіпкерлердің 96 мың жобасына 2 893 млрд теңге сомасында қолдау көрсетті. Бизнестегі арулар бизнес-идеяларын жүзеге асыру, компаниясын дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін берілген мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланатыны қуантады.

 

«Цифрлық экономикадағы экспорттаушы әйелдер» қоры

Халықаралық сауда орталығы мен бүкіләлемдік сауда ұйымы «Цифрлық экономикадағы экспорттаушы әйелдер» қорын құрды. Оның бюджеті – 50 млн доллар. Бұл қаражат әйелдер басқаратын кәсіпорындардың цифрлық технологияларды пайдаланып, жаңа нарықтарды ашуға бағытталады. Ал өтініштерді қабылдау биылғы жылдың екінші тоқсанында басталады.

 

Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметі қордың алғашқы доноры болып, 5 млн доллар құйды. Бүкіләлемдік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдарындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Жанар Айтжанның айтуынша, әйелдер қауымы еліміздің экономикасын дамытуға да сүбелі үлес қосып жатыр. 

 

Beauty қызметтерге сұраныс артты

Елде әйелдердің 35% қызмет көрсету саласында тер төгіп жүр. Осы сұлулар айналысатын сұлулық қызметтері жыл басынан бері 15%-ға қымбаттапты. Мұны Шымкент қаласы мен Алматы, Абай облыстарының тұрғындары қатты сезінген. Былтыр салаға 62,3 млрд теңге кіріс түсті. Бұл алдыңғы жылдан 80%-ға көп. Алматы көш басында. Мұнда көрсетілген қызмет көлемі – 19 млрд теңге. Тізімді Астана жалғайды. Мұндағы өсім 60%-ға жетіп, 13 млрд теңгеге жуықтады. Үштікті Қарағанды облысы түйіндейді. Бас аяғы 6,5 млрд теңгенің қызметі ұсынылды. Ең аз көрсеткіш Түркістан, Алматы және Ұлытау облыстарында тіркелді.