8 млн-нан аса қазақстандық қаржылық ұйымдарға қарыз
Ал қаржылық ұйымдардың несие беру пайызы тым жоғары.
Егер берешегіңді кешіктірсең, коллекторлық ұйымдар төбеңе әңгір таяқ ойнатады.
Қазір осы несие мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Мәжіліс қарызданған қарашаның құқығын қорғау үшін заңға өзгерістер енгізуге ниетті. Сөйтіп, жаңа құжат нені көздейді? Қандай өзгерістер болуы мүмкін?
Елде 1,6 млн борышкер банттердегі берешегін төлей алмай жүр. Олардың қаржылық ұйымдардағы қарызы 1,7 трлн теңгеге жеткен. Күн санап көбейетін өсім мен сағат сайын телефон соғатын коллекторлық ұйымдар халықты қажытты.
Иә, бұқара берешегінен себепсіз жалтарып жүрмегені белгілі. Дені: «айлығым шайлығымнан артылмайды», – дейді. Енді қарашаны қарыз қамытынан құтқару үшін несие беру ержесіне бірнеше шектеулер енгізіледі.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қарыз жүктемесін шамадан тыс өсуін шектеу үшін заңнамалық тұрғыда тұтынушылық кредит деген ұғым енгізеді. Бұл не береді? Ол ең жоғарғы мәнін нормативтік деңгейде шектеуге мүмкіндік береді. Яғни, банктер үшін 5 млн, МФО үшін 2 млн теңге. Қосымша шектеу шарасы ретінде макро пруденциялық норматив азаматтардың микроқаржылық ұйымдарындағы кредиттері бойынша жиынтық берешегінің қарыз алушының табысына қатынасын енгізеді.
Иә, енді ай сайынғы несие төлемі табысыңыздың тең жартысынан асса, кредит берілмейді. Сондай-ақ қарызын 90 күннен аса кешіктіргендерге өсім жүру тоқтатылады және оларға кепілсіз тұтынушылық несие беруге тыйым салынады. Сондай-ақ банкроттыққа өтініш беру жеңілдейді. Былтыр 84 мың адам өзін банкрот деп танығанмен, оның тек 9 мыңы ғана мемлекет мізіретіне қол жеткізген. Оған сол баяғы қағазбастылық себеп. Енді кредиттік бюроға азаматтардың қарызы туралы ақпаратты жіберу қаржылық ұйымдардың құзіретіне енеді. Осы арқылы банкроттықты жариялау жеңілдейді.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Қазіргі уақытта онлайн микрокредит секторінді 227 мың адам проблемалық кредиттері бар. Бұл бүкіл микроқаржы ұйымының секторының пробелмалық қарыз алушылардың санының 80%-ін құрайды. Былтыр біз 77 микроқаржы ұйымының тексеруін өткіздік. Нәтижесінде 43 микроқаржы ұйымында айтарлықтар заңбұзушылық айқындалды. 13 компанияның лицензиясы қайтарылып алынды. Осы қысқа мерзімге берілетін кредитттердің ерекше түрін алып тастау қажет деп санаймыз. Депутаттардың ұсынған бастамасын қолдаймыз.
Төбеңнен төніп, төлімді талап еткенде есіңді шығаратын коллекторлық ұйымдар да айылын жиятын сәт жақын. Депутаттар несиелерді коллекторлық агенттіктерге сатуға шектеу енгізуге ниетті. Бірақ бұл қарыз өндіруші ұйымның жұмысы тоқтайды деген сөз емес. Тек төлем 24 айдан кешіккеннен кейін ғана коллекторлар іске кіріседі. Қазір әлгі агенттіктерге 900 мыңға жуық қазақстандық 382 млрд теңге қарыз.
Мереке Мамырова, көпбалалы ана:
- Басымда 6 қаржылық несие бар, барлығынан кешіктіру бар. Төлей алмай жатқан себебім, үйде декреттік демалыста отырған анамын. Төленбеген несиелер бойынша коллекторлық агенттіктер хабарласады. Әр нәрсе қоқан-лоқы жасап, түрлі нәрселерді айтады.
Самал Қайратқызы, заңгер:
- Коллекторлық ұйымдар негізі азаматтардың құқығын бұзады. Біріншіден, коллекторлар оларға хабарласады, олар түгілі басқа жеке үшінші тұлғаларға хабарласады. Жаңағы адамның алған кредиті туралы мәлімдемелерді жеке тұлғаларға таратады. Ол, біріншіден, дербес ақпарат туралы заңды бұзу.
Аңқау елді алдап, арам ақшаға ауызданған алаяқтардың да жолы кесіледі. Былтыр олар қазақстандықтардың атынан 9 мыңға жуық жалған несие рәсімделген. Жалпы шығын – 10 млрд теңге. Бұл бассыздықты болдырмау үшін азаматтарға несие алудан өз еркімен бас тарту құқығын береміз, – дейді депутаттар.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ислам Махамбет.