Үйді сақтандыруға сұраныс артты
Елдегі тұрғын үйлердің 2 пайызы ғана сақтандырылған.
Дегенмен, биыл бұл қызметке сұраныс артып жатқаны байқалады. Жыл басынан бері жеке тұлғалар 855 мүлікті сақтандырды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 80 пайызға көп. Сақтандырушылардың дені Астана мен алматылықтар. Тұтынушылар баспанасын түрлі табиғи апаттардан қорғауға мүдделі. Мамандар ел аумағының 40 пайызы сейсмикалық тұрғыда қауіпті екенін ескертті. Заңды тұлғалардың сақтандыру қызметіне көбірек жүгінетіні белгілі. Қаңтар мен ақпан аралығында оның үлесі 4 пайызға өсті. Сақтандыру компанияларының бірі сыйақы мөлшерінің 740 есе артқанын хабарлады.
Жалдамалы пәтерге сұраныс артты
Үйді сатып алғаннан гөрі, жалдағанды жөн көретіндер көбейді. Тіпті байлардың өзінде мұндай әдет пайда болған. Дегенмен, бұл тұтынушылардың талабы тым жоғары. Жалға берілетін үйдің бағасы қолайлы, ал жағдайы элита санатта болу керек. Көпшілік аумағы 200 шаршы метрге дейінгі баспананы қалайды. Ал қарапайым халық арасында 1 бөлмелі пәтер сұраныста. Қаңтарда осындай 10 мыңға жуық келісім жасалған. Былтыр елде пәтерді жалдау бойынша жасалған келісімдер құны 257 млрд теңгеден асты. Салада көрсетілген қызметтер 1,8 трлн теңге. Көпқабатты үйден жалдау ақысы 1,6 процентке өсіп, шаршы метрі үшін 4871 теңге болған. Мамандар бұл нарықтың әлі де белсенді екеніне сенімді. Қазір пәтерді немесе үйді жалға беретіндердің де қатары артып жатыр. Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің айтуынша, жаңа салынған үйлердің 30 пайызы жалға беріледі. Оны ұзақ мерзімге алатындар да көп. Себебі қазір үйді сатып алу қымбат, сату тиімсіз. Оның үстіне жеңілдетілген ипотека жеткіліксіз. Ермек Мүсірепов жалға алатын үйдің құнына орналасқан жері қатты әсер ететінін айтады. Тіршілік қайнап жатқан аумақтарда баға жоғары болады.
цитата: Ермек Мүсірепов, Қазақстан Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті
Қазақстанда бірінші-екінші санаттағы немесе элита мен бизнес санаттағы тұрғын үй сегменті танымал. Мұндай жылжымайтын мүлікті алып қалуға тырысатын әлеуетті клиенттеріміз бар. Олар үлкен пәтер, таунхаустар, жайлы жағдай жасалған жеке үйлерді сұрайды. Мұндай тұрғын үйдің құны тек шаршы метрмен анықталмайды анықталмайды. Мысалы, Алматы немесе Астанада 150 шаршы метр болатын үш бөлмелі пәтерді жалға алу құны 1,5 млн теңгеге дейін жетеді.
Елде пәтер арзандады
Сарапшылар өткен айда 18 қаладағы нарыққа мониторинг жасады. Таңдалған аймақтардың жартысында бағаның төмендегені байқалды. Әсіресе Ақтаудағы көрсеткіш 2,5 пайызға жеткен. Жалпы осы кезеңде баспана құны біраз арзандай түсетіні қалыпты құбылыс. Мысалы, былтыр ақпанда 1,4 пайызға төмендеген. Ол шақта Петропавл мен Өскемен қалаларындағы баға көпшілікке қолайлы бола түсті. Ал Ақтау, керісінше баспанасы қымбат қалалар көшін бастаған. Сарапшылар қазір де бірқатар қалада тұрғын үй құны өскенін айтады. Бірақ өсім айтарлықтай емес. Желтоқсан-ақпан аралығында елдегі орташа баға шаршы метр үшін 371 мың теңге болды.