Риэлторлық қызметке сұраныс төмендеді

Елдегі шағын және орта бизнестің критерийлері соңғы 8 жылда өзгермеді.

Сол себептен кәсіпкерлік нысандарында еңбек ететін адам саны бүгінде осы өлшем шарттарға сай келмей тұр.

Тұрғын үй нарығындағы ахуал

Қазақстандық тұрғын үй нарығындағы дайын баспана бағасы соңғы бір жылда 3,3%-ке арзандады. Атап айтқанда, Қонаев қаласында 16%-ке төмендесе, Алматыда 6,7%-ке, Оралда 3,1%, ал Астанада 2,8%-ке түсті. Тек Талдықорғанда 9%-ке қымбаттап, тұрғын үйдің шаршы метрі 338 мың 300 теңгені құрады. Атырауда 8%, Петропавлда 5%-тік өсім байқалған. Ал жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлердің бағасы ел бойынша 3%-ке өскен. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, жалға беру құны да 3%-ке дейін көтерілген екен.

 

Риэлторлық қызметке сұраныс төмендеді    

Осы себептен болар, қазақстандықтар риэлтор қызметінен бас тарта бастады. Мұндай пайымды былтырғы жылдың қорытындысына қарап жасауға болады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы жылжымайтын мүлік саласындағы қызмет бағасы 1 трлн 800 млрд теңгеге жуықтаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 22%-ке көп. Көпқабатты тұрғын үй пәтерлеріне жасалған келісім саны 45%-ке дейін өскен. Яғни, 110 млрд 700 млн теңгенің саудасы қызған. Ал риэлтор қызметіне жұмсалған қаржы екі есе төмендеп, 17,5 млрд-ты ғана құрады. Жылжымайтын мүлік саласындағы көрсетілетін қызметті жіктеп қарасақ, жалға беру мен жеке мүлікті басқару үлесі артқанын байқаймыз. Мұнда 1 трлн 200 млрд теңге айналымда болған.  Өсім 26% шамасында. Сол сияқты қосалқы жалдау қызметінде өсім 17,5% құрады. Оның сомасы 302 млрд теңгеге жуықтады.

 

Кәсіпкерлік саласы қалай дамиды?

Кәсіпкерлік субъектілерінің өлшем шарттары, яғни критерийлері 2015 жылдан бері өзгермеген. Жуырда Экономикалық зерттеу институтының Бәсекелес ортаны зерттеу орталығы осы тақырыпта мақала жариялаған болатын. Бүгінде бизнес субъектілері екі түрлі сипатқа қарай жіктеледі. Бірі кәсіпкердің қарамағындағы жұмысшылардың жылдық орташа саны болса, екіншісі – жылдық орташа табысы. 8 жыл бұрын Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркелген шағын кәсіпке орта есеппен 7 адам жұмысқа тартылған. 2023 жылы 5 жұмысшы қабылданған. 2015 жылы орта бизнесте 128 адам  еңбек етсе, былтырғы көрсеткіш 121-ге дейін төмендепті.  

Енді микро, шағын, орта кәсіптің жылдық орташа табысына үңілсек. Былтыр микрокәсіптің 98%-і 20 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде пайда тапқан. Шағын бизнестің 90%-і 30-дан 200 мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде пайда көрсе, орта бизнес үшін бұл көрсеткіш 300 мыңнан басталып, 2 млн-ға дейін жеткен. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегін талдай келе, орталық сарапшылары мынадай тұжырымға келді. Дәл осы микро, шағын және орта бизнеске белгіленген табыс шегі 1,5 есе жоғары болып тұр. 

Шағын бизнес – жұмысшы саны 100-ден кем болмайтын, жылдық орташа табысы 300 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленген заңды тұлға. Ірі бизнес деп танылуы үшін кәсіпкердің қарамағындағы адам саны 250-ден кем болмауы шарт. Жылдық орташа табысы кемінде 3 млн айлық есептік көрсеткіш мөлшерін құрауы тиіс. Ал орта бизнес осы екеуінің арасындағы сипатқа ие болады.

Бұл өлшем шарттар қазіргі жағдайға сай келмей тұр. Яғни, бүгінде шағын деп отырған кәсіптің өлшемі микробизнеске тән. Ал орта бизнестің қазіргі сипаты шағын кәсіпкерлікке көбірек келеді.

Дарина Кенес, Экономикалық зерттеулер институты Бәсекелес ортаны зерттеу орталығының директоры:

- Жылдық орташа табыстың шегі 1,5 есе төмендетілсе, микробизнестің саны  шамамен 2%-ке кемиді, шағын бизнес 4%-ке көбейеді. Ал орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30%-ке азаяды. Кәсіпкерлік субъектілерінің өлшем шарттарын қайта қарау арқылы әділ есеп жүргізуге әрі бизнестің жаңғыруына жағдай жасауға болар еді. Мәселенің маңыздылығын ескерсек,  бұл жұмысты мемлекеттік органдар, бизнес-қауымдастығы және мүдделі тараптар бірлесе жүргізу қажет деп есептеймін.

Жалпы елде 2 миллионға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілінің айтуынша, ондағы орта бизнестің үлесі төмендеу. Есесіне екі жылда шағын бизнестің саны 58%-ке артқан. Бірақ орта бизнес санатына өтуге асықпайды. Осы ретте кәсіпкерлер палатасы мынадай ұсыныс білдірді.

Динара Ақынбекова, «Атамекен» ҰКП Бизнесті реттеу департаментінің басқарушы директоры:

- Экономиканың секторына, саласына байланысты, субъектілерді топтарға бөлуді қарастыру керек. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында төмен маржиналдылық мәселесі бар. Сондықтан бұл жерде жұмысшылардың санына байланысты, оны белгілі бір критерийлерге бөлуді өзінше әртүрлі салалардың ерекшеліктеріне байланысты қарастыруды орынды деп есептеймін.