Банктер Қостанай облысының шаруаларына несие бергісі келмейді

Қостанай облысының ауылшаруашылық техника паркі әбден ескірген.

Былтыр небары 3-4 проценті жаңартылды. Бұл мәселе әсіресе өңірдің оңтүстік аудандарында өзекті.

Себебі қаржы институттары егіншілік тиімділігі төмен аймақтарға техника алуға жеңілдетілген несие бергісі жоқ. Соның кесірінен бірнеше жыл мемлекет қолдауынан құр алақан қалып отырмыз, дейді шаруалар.

Жітіқара ауданында ағайынды Ағатаевтардың әрқайсысының жеке шаруашылығы бар. Бірі егіншілікпен айналысса, енді бірі асыл тұқымды мал өсіріп отыр. Барлығының есеп-қисабын жүргізетін кіші қарындасы Динара. Ол электрондық құжат айналым жүйесін жетік біледі. Мемлекеттік қолдаудың талап-шарттарымен де жақсы таныс. Бірақ екі жылдан бері техника алуға жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай жүр. 

Динара Ағатаева, шаруа:

- Жітіқара ауданының статистикасына қарағанда сегіз центнер көрсетті. Ал бізде 16 болды мысалы. Соған айтады «сіздікі дұрыс емес сияқты, сіз преувеличенный көрсетіп жатырсыз. Отдел риска жібермей жатыр, неге дегенде, регламент бар жібермеу үшін» дейді. Осындай рискованный райондарды дейді. Бізді зачем бүкіл елмен теңестіріп, ол дұрыс емес қой. 

Қаржы институты өтінімді қарағанда әр шаруашылықтың жер көлемі, өнімділігі, несие тарихы ескерілетінін растады. Бірақ бізде ешқандай алалау жоқ деп отыр. 

Әлібек Қарайдаров, "Казагроқаржы" АҚ ОФ директоры:

- Әрине бір шаруа қожалығы бүкіл ауданға жауап бере алмайтынын түсінеміз. Сондықтан біз өтінішті қарастырғанда обьективті түрде қарастырамыз. Ол ауданға орташа өнім ғана емес, шаруашылық көрсеткіштері де есептеледі. 

Қаржы институты арқылы лизингке берілетін техника құнының 25 процентін мемлекет жабады. Қалған бөлігін алты процент мөлшерлемемен шаруа өзі өтеуге тиіс. Жаңа техника алудың ең бір тиімді жолы осы. Бірақ сол жәрдемқаржы бәріне бірдей жетпейді. 

Ибрагим Бекмұхамедов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қазіргі кезде біртіндеп төлеп жатырмыз. Инвестициялық субсидия бойынша өткен ақпан айында 4 миллиард тенге төленді. Наурызда тағы 4 миллиард береміз. Қолдағы бар қаржы былтырғы субсия қарызын жабуға ғана жетеді. Осының бәрін ескеріп, биыл инвестсубсидияға 10,6 миллиард теңгеге бюджеттік тапсырыс бердік. 

Облыста былтыр инвестициялық субсидияға шамамен жеті мың адам тапсырыс берді. Соның 70 проценті қабылданды. Ал «Қазагроқаржы» өкілдері Динара Ағытаева қайта өтініш берсе, мұқият зерделеуге уәде етті.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг