Қазақстан Сычуанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізді

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда байланысы беки түседі.

Қысқа мерзімде арадағы тауар айналымын 40 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту міндеті тұр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев экспорттаушылар форумында мәлімдеді. Көрші елге қандай өнім жібереміз? Кәсіпкерлер қандай келісімге келді?

Қазақстан Қытайға күнбағыс, соя, мақсары майы сынды ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттырмақ.

Сычуанға ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіледі

Қазақстан Сычуанға құны 75 млн доллардан асатын ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізеді. Қытайдың Чэнду қаласына өткен кездесуде кәсіпкерлер осындай келісімге келді. Қазақстан Сычуань провинциясына күнбағыс, соя, мақсары майын, кондитерлік және тағы басқа өнімдерді жеткізеді. Бүгінгі таңда Қазақстан мен провинция арасындағы сауда айналым шамамен 230 миллион долларды құрайды. Оның ішінде біздің ел 45 миллион долларға өнім экспорттайды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

«Біз үшін Қытай нарығы – қазақстандық өнімнің сенімді тұтынушысы. Отандық кәсіпорындар Қытайға 1 млрд доллардан астам сомаға 135  қосымша тауар түрі бойынша өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы тауарларының кең ассортиментін ұсынуға дайын», – Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі.

Өткен жылы Қытай алыс-беріс көлемі бойынша Қазақстанның сауда серіктестерінің арасында бірінші орынға шықты. Өзара тауар айналым 31,5 миллиард АҚШ долларына жетті. Сауда министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстаннан Қытайға экспортталатын өнім көлемі 12,6%-ке өсіп, 14 млрд доллар болды. Импорт 50% өсіп, 16 миллиард доллардан асты. Сычуань провинциясы негізінен рапс, күнбағыс және мақсары майы, су, сүт өнімдері, сондай-ақ ет өнімдерін импорттайды.

 

Тыңайтқыштарды сатып алудың тың тетігі

Шаруаларға тыңайтқыштарды сатып алудың жаңа тетігі ұсынылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлердің қаржылық жағдайын ескеріп, тыңайтқыштарды зауыттардан бөліп төлеу арқылы беру қарастырылып жатыр. Бұған әкімдік кепілдік болады. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Биыл дала жұмыстарында шамамен 1,5 млн тонна тыңайтқыш себу жоспарланып отыр, – деді министр.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін бүгінгі күні отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау көзделген, бұл жерде субсидиялар тікелей отандық зауыттарға беріледі. Бұл – субсидиялаудың мүлдем жаңа тетігі. Онда шаруалар алдын ала арзандатылған тыңайтқыштармен қамтамасыз етілетін болады.

Бүгінгі таңда фермерлерге 147,5 мың тонна тыңайтқыш жіберілді. Сондай-ақ егістіктерге химиялық өңдеуді жүргізуге қолдау көрсетілмек. Мемлекет пестицидтер құнының 50% субсидиялайды. Минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға жергілікті бюджеттерде 34 млрд теңге, пестицидтерді субсидиялауға 33,8 млрд теңге көзделген.