Егіс алқабы 24 млн гектарға жуықтайды

Алыпсатарлықтың алдын алып, қолдан тапшылық жасауға жол берілмейді.

Үкімет отырысында Премьер-министр дизель отынын жеңілдікпен үлестіруді қатаң бақылау қажеттігін айтты. Сонымен қатар мамыр айына қарай ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы беруге қаражат бөлу тапсырылды. Оны Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері мен «Бәйтерек» холдингі жүзеге асырады. Оның пайыздық мөлшерлемесі 5% аспауға тиіс.

Дизель отынының бағасы 250 теңге болып бекітілді

Шаруалар өздеріне тиесілі субсидиялардың тым кешігіп төленіп жатқанына наразы. Былтыр демеуқаржы бойынша қарыз 160 млрд теңгеден асқан. Бұл қаражатты егіс жұмыстарына жаратуға болар еді. Фермерлердің уәжін айтқан Үкімет басшысы құзырлы органдарға тиісті тапсырма берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қаржы, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері заманауи агротехнологияларды сақтауды ынталандыру мақсатында 1 маусымға дейін тиісті субсидиялар бөлу мәселесін шешуге тиіс.

Ал Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдіктері арзандатылған отынды жеткізу және операторлардың уақытылы тиеп-жөнелту жұмыстарын мұқият бақылауы керек.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- 2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарына 340,3 мың дизель отынын жеткізу бойынша графигін бекітті. Өткен жылғы баға өзгерген жоқ. Барлық 20 өңірдегі межелі станцияда ҚҚС-пен литріне 250 теңге және АЖҚС бөлшек сауда бағасынан 45 теңгеге арзан немесе 15%-ке төмен.

 

Егіс алқабы 24 млн гектарға жуықтайды

Ауыл шаруашылығы министрі биыл егіс алқабы 24 млн га жуықтайтынын айтты. Ал бидайға бөлінген алаң шамамен 430 мың га қысқарды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Қысқартылған алаңдарға әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдар алаңдарын ұлғайту жоспарланып отыр. Мәселен, облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша майлы дақылдар алаңын 385 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл жалпы егіс алаңын 3,2 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Егіс науқанын сапалы жүргізу үшін Үкімет бірқатар шара қабылдады. «Кең дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд теңге несие беріледі. Жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд теңге бөлінеді. Форвардтық сатып алуға 40 млрд және субсидиялар түрінде 95,4 млрд теңге қарастырылған.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Биылға болжам жақсы. Қар жақсы жауды. Ылғал бар. Бірақ көктемде тағы да қарастырамыз. Өйткені қатты ыстық болып кетсе, ылғал жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан ылғалдандыру жұмыстарын уақытылы жүргізу керек. Тұқым бәрі бар. 3%-ін корпорация арқылы беруге дайындап отырмыз. Уақытылы себу жұмысын істейміз.

Үкімет басшысы Азық-түлік корпорациясын өз қорынан 200 мың тонна тұқымды мұқтаж шаруаларға тауарлық несие ретінде таратуға міндеттеді. Егіс жұмыстарының басталуы туралы тағы Ақмола, Қызылорда және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндады.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

- Құрметті, Олжас Абайұлы! Құрметті әріптестер! Ауыл шаруашылығындағы статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмаға сәйкес облыста арнайы жұмыс топтары құрылып, тиісті жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күнге анықталғаны, өткен жылдары игеріліп жатқан жалпы егістік көлемі және су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңдары бойынша есеп ұсынуда сәйкессіздіктерді анықтап, қазір түзету жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Яғни былтыр облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдары 762 мың 500 га орнына 620 мың га шамасындағы алаңға орналастырылған. Тағы су үнемдеу технологияларын қолдана отырып пайдаланылған егіс алқаптарының нақты көлемі 57 мың га болуы керек еді. Оның орнына небәрі 40 мың га болғаны анықталды. Ауыл шаруашылық техникасының тозуы да – өткір мәселе.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазіргі таңда жалпы техника паркі шамамен 75%-тен астамының тозығы жеткен. Бұл мәселе де тиісті шешуді талап етеді. Диқандардың жаңа техниканы сатып алуын жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту қажет. Аталған мәселені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15% жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салуға тиіс. Бұл шаруаларға өздерінің айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы Су ресурстары министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерді сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Жоғарыда айтылған тапсырмалар бойынша барлық жұмыс ай сайын Үкіметте қаралатын болады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Марат Диқанбаев.