Олжас Бектенов Эркин Туниязбен кездесті
Премьер-министр Олжас Бектенов Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниязбен кездесті, деп хабарлайды 24KZ.
Әңгімелесу барысында екі елдің мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Бүгінде Қытай Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесі болып келеді. Былтыр екіжақты тауар айналымы 31,5 млрд долларға жеткен. Ал Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы еліміздің 4 облысымен шектеседі. Шығыстағы көршіміздің жалпы тауар айналымының 64%-тен астамы осы ауданға тиесілі. Тараптар инвестициялық ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын атап өтті.