Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысы өтті
Үкімет елдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүргізуде.
Жаңа салық кодексі аясында әкімшілендірудің сервистік моделі енгізіледі. Осылайша, салық төлеушіге тіркеуден бастап, оны есептен шығаруға дейін фискалдық көмек көрсетіліп, төлемдер саны 20%-ға қысқарады. Ал бизнесті ынталандыратын жеңілдіктер сақталады. Бұл туралы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысында айтылды. Үкімет басшысының төрағалығымен өткен жиында жемқорлықпен күрес тетіктері де пысықталды. Кездесуде салық заңнамасын жетілдіру, бәсекелестікті дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте халықаралық стандарттарды енгізу мәселелері де талқыланды. Олжас Бектенов қолайлы инвестициялық климат Қазақстанда экономиканы сапалы жаңғырту бойынша реформаларды жүргізуде маңызды рөл атқаратындығын баса айтты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы әрдайым елдің инвестициялық ахуалын жақсарту қажеттігіне ерекше назар аударады. Үкімет елімізге адал және ашық бизнес жүргізуге келгендердің барлығына сенімді инвестициялық серіктес болуға дайын. Біз өндірісті кеңейтуге, локализацияны ұлғайтуға, еліміз үшін маңызды жаңа жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге ниеттіміз.