Тағы да диқандардың жанайқайы
Түркістан облысында мақсары майын өндірушілер дайын өнімді өткізе алмай әлек.
Себебі ішкі нарықта импорттық тауарлар қаптап, бағаны бақылауда ұстау қиындаған. Сол себепті қазір отандық өнімге сұраныс күрт азайды. Ал шаруалар енді мақсары егістік алқабын азайтуға мәжбүр боламыз дейді.
Төле би ауданындағы мақсары майын өндіретін цех қазір уақытша жабық. Техникаларды шаң басып тұр. Бірде-бір жұмысшының қарасы көрінбейді. Олар зауыт тоқтағанда басқа жұмысты таңдап кетті. Ал нарықтағы өнім әлдеқайда арзандап кеткен.
Айтмаханбет Рысақбаев, Цех директорының орынбасары:
- Май арзандап кеткеннен кейін оны өндіру тиімсіз. Шығынды ақтамайды. Сол себепті зауыттың жұмысын тоқтатып тастадық. Ешкім мақсары майын алғысы келмейді.
Былтыр осы цехта шығарылған өнім Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан мен Қытайға экспортталды. Мол пайдаға кенелді. Ал биыл бағаның құлдырауына ресейліктер жасаған демпинг әсер етті, - дейді кәсіпкерлер.
Айтмаханбет Рысақбаев, Цех директорының орынбасары:
- Шаруалар мақсары еге ме, жоқ па бұл белгісіз. Себебі баға төмендегенде дақылды бұрынғы құнымен қабылдай алмаймыз. Диқандардың жер жыртуға, дән себуге кеткен шығыны шаш-етектен. Қазір мақсарының бір келісі небәрі 70 теңге.
Облыс көлемінде мақсарыны молынан жинап жүрген Төле би ауданының шаруалары қазір ауыр кезеңге тап болды. Әбдікәрім Әбдірахмановтың 230 гектар жері бар. Мақсарыны пайда үшін емес ауыспалы егіс ретінде егетін. Тұқымын жергілікті цехтарға өткізіп, қалғанын мал азығына пайдаланып жүрді. Биыл мақсары егуді әлі бастамаған.
Әбдікәрім Әбдірахманов, шаруа:
- Ауа райын болжау қиын болып қалды. Егінге қолайлы болса жұмыс жүреді. Мысалы былтыр көптеген шаруашылық шығынға ұшырады. Көктемде жаңбыр болған жоқ. Ал жазғы жаңбырдың әсері шамалы.
Дегенмен аудан бойынша мақсары алқабы едәуір артқан. Былтыр 10 мың 700 гектарға мақсары дақылы егілсе, биыл тағы 100 гектарға ұлғайған. Ал оны өңдейтін кәсіпорын жоқ.
Асхат Райымбеков, Төле би аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Біз жыл сайын мақсары өндіруден алғашқы орыннан көрініп келеміз. Биыл да 10 мың 800 гектарға жоспарлап отырмыз мақсары дақылын егеміз деп. Қытайға, Өзбекстанға экспорттаған кезіміз болған 2020 жылдары. Одан кейін карантинге байланысты ол кісілер қаржылық жағдайларға байланысты кішкене тоқтап тұр.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Мұндай жағдайда ақылға қонымды әрекеттерге көшуіміз керек. Еуразиялық нарықта міндеттемелеріміз бар. Бірақ кәсіпорындарды қолдауға, иелерімен тығыз жұмыс істеуде ешқандай кедергі болмауы тиіс. Отандық өнімді жоспарлы түрде өткізуге ұзақ мерзімді келісім шарттар жасауға болады. Сонымен қатар олар мемлекеттік қолдау негізінде кәсіпорынды кеңейтуге де мүмкіндік алады.
Енді Айтмаханбет Рысақбаев шитті мақтаның тұқымын қабылдап, одан май өндіруге шешім қабылдамақ. Бірақ бұл нарықта да өнімнің бәсекеге қабілетін байқау керек, деп отыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов, «24.KZ», Түркістан облысы