Алғашқы рейс. Жүк тасымалына жақсы мүмкіндік
Шымкент әуежайына алғаш рет Парижден жүк ұшағы келіп қонды.
Түрлі тауар тиеген әуе кемесі Хайнаньға бет алған. Мамандардың айтуынша мұндай авиатасымал тұрақты жүргізіледі.
Қазір өзге де тасымалдаушы компаниялармен келісім жасалып, рейстерді арттыру жоспарланып жатыр. Бұл логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам. Себебі Мемлекет басшысы үшінші мегаполистегі әуежайды мультимодальді орталыққа айналдыру міндетін жүктеген еді.
Аймақта жаңа терминалдың құрылысы да аяқталуға жақын. Нысан пайдалануға берілсе жолаушыларды өткізу қабілеті 10 есеге артады. Сонымен қатар халықаралық талаптарға сәйкес келетін ұшу-қону жолағын салу туралы да шешім бар. Қазір жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Ролан Ибрагимов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Мультимодальды хабтың бір ерекшелігі жергілікті бизнестің де дамуына өз үлесін тигізетіні белгілі. Яғни Шымкенттік кәсіпкерлері сол транзит арқылы Қытайға немесе Францияға өзінің жүктерін, тауарларын жеткізуге мүмкіндік алады.