Мұнай зауыттары үш жылда бір рет жөнделеді
Мұнай бағасы қарқынды түрде өсіп келеді.
Қазір Brent маркасы барреліне 88 долларға саудаланып жатыр. Бұл – қазан айынан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш. АҚШ пен Қытай экономикасы жақсарып келеді. ОПЕК елдерінің мұнай өндіруге шектеу қойғалы қара алтын құны да біршама өсті. Бұл Қазақстан үшін тиімді.
Қазақстандық мұнай өңдеуші зауыттардың жөндеуден өту мерзімі ұзарады. Кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізіп, өндіріс қуатын арттыруға мүдделі.
Мұнай зауыттары үш жылда бір рет жөнделеді
Отандық мұнай өңдеу зауыттары жыл сайын емес, үш жылда бір жөндеуден өтеді. Қазір дайындық жұмыстары басталып кетті. Мұны «ҚазМұнайГаз» компанияның баспасөз қызметі хабарлады. Зауыттарды 3-4 жылда бір рет жөндеу – әлемдік тәжірибе, – дейді мамандар. Тәулік бойы жұмыс істеп тұрған жабдықты жөндеуді жай ғана кейінге қалдыра салуға болмайтынын ескерген жөн. Алдымен барлық қондырғылар тұрақты жұмыс істеп тұратындай жағдай жасау керек. Бұған қоса мұнай өңдеу зауыттарының қуатын дәлелдейтін техникалық аудит жүргізілуі керек. Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу кезеңін ұзарту 2016 жылы басталды. Алдымен бұл жұмыстар Атырау мұнай өңдеу және Павлодар мұнай-химия зауыттарында жүргізілді, кейінірек өтпелі жобаға Шымкенттегі қара алтын өңдейтін кәсіпорын да қосылды.
«2019 жылдан бері Атырау мұнай өңдеу зауытында механикалық тұтастықтың бұзылуымен байланысты істен шығу азайды. 2018 жылдан бастап Павлодар мұнай-химия зауытының сумен жабдықтау жүйелерінде тот басу жылдамдығын төмендету бойынша оң динамика байқалады. Қазіргі уақытта Павлодардағы зауытта техникалық коррозиялық аудит жұмыстары аяқталып келеді, ал 2025 жылға қарай басқа екі мұнай өңдеу зауытындағы технологиялық қондырғыларды тексеруді аяқтау жоспары бар», – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның баспасөз қызметі.
1,2 млн тонна бензин мен дизель қоры бар
Бірақ тозығы жеткен техника бұл салада да бар. Атырау мұнай өңдеу зауытында 40-жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан жабдықтар бар. Мамандар оларды ауыстыруды көздеп отыр. Сонымен қатар мұнай өнімдерінің көлемін арттырмақ. Мәселен, 2027 жылға дейін шикізат өңдеуді 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін және жеңіл мұнай өнімдерін 65%-тен 77%-ке дейін арттыру жоспарланған. Ал Павлодардағы кәсіпорында биыл битум шығаратын қондырғыда жаңа пеш іске қосылды. Бұл өндіріс қуатын 500 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. 2026 жылға қарай Шымкент мұнай зауыты үш жылда бір рет жөндеуге ауысады. Болжам бойынша ҚазМұнайГаздың басқа екі зауыты 2028 жылға қарай осындай жүйеге көшеді. Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытында бензин мен дизельдің 1,2 млн тонна қоры бар. Қазір 670 мың тонна дизель және 530 мың тонна бензин қоры бар, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Алтын қымбаттады
Алтын бағасы қымбаттады. Бұған әлемдегі инфляцияның төмендеуі және Қытайда бағалы металға сұранысының артуы әсер еткен. Bloomberg мәліметтері бойынша алтынның бір унциясы 2,270 доллардан асып түсті. Осылайша, ақпан айының ортасынан бастап 14%-ке өсті. Әлемдік орталық банктер алтынды белсенді түрде сатып алып жатыр. Әсіресе Қытайда сұраныс жоғары. Бұл Қазақстан үшін де маңызды. Өйткені еліміздің халықаралық резервтерінің бір бөлігі монетарлық алтында сақталады. Ақпан айында оның алтын-валюта қорындағы үлесі шамамен 20 млрд долларды құрады.