Жыл соңында пәтер бағасы қымбаттауы мүмкін
Елдегі кәсіпкерлер тасқыннан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіп жатыр.
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының барлық қызметкері де бір күндік жалақысын аударады.
Осылайша су басқан кәсіпорындарды қалпына келтіруге үлес қоспақ.
Күшіміз бірлікте
Кәсіпкерлер форс-мажор жағдайы туралы куәлік сұрап жатыр. Бұл құжат табиғи апат, эпидемия, шегара жабылуы, өрт және басқа да оқиғалар салдарынан келісімшарттық міндеттемелерді орындау мүмкін еместігін растайды.
Өтініштер "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына күн сайын түседі. Мұнда су тасқыны салдарынан мүлігі бүлінген шағын және орта бизнес өкілдеріне консультациялық көмек көрсетіліп жатыр.
Ал арнайы куәліктерді уақытылы беру үшін жергілікті палата басшылары су тасқынына қарсы облыстық жедел штабтарға аттанған.
Залал көлемі анықталады. Дегенмен көмектің алды жеткізіле бастады. Мысалы "Күшіміз бірлікте" қоры зардап шеккендерге қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Сонымен қатар "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасында 14-32 call-орталығы жұмыс істейді.
Әр үй үшін 22 млн теңге бөлінеді
Су тасқыны қиратқан үйлерді қайта салуға бюджеттен әр тұрғын жай үшін 22 млн теңге бөлінеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев әкімдіктердің өңірлердегі қираған үйлерді санап жатқанын мәлімдеді.
Тиісті есеп шыққан сәтте зардап шеккендерге көмек беріледі. Бұл үшін төтенше жағдай болған күннен бастап 1 ай ішінде жергілікті билікке материалдық залалды өтеу туралы өтініш беру қажет.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- 22 миллион теңге 1 үй бағасы болады. Осы үйдің 80 шаршы метрдің 1 пәтерлі үйі болады және 2 пәтерлі үйі болады. Сол бір пәтердің бағасы 22 миллионға келеді. Сонымен бір шаршы метр 281 мың теңге. Қазіргі таңда әлі толық үйлердің саны белгісіз. Жергілікті атқарушы органдар бүкіл ақпаратты жинайды. Одан кейін біз қаражатты бөлеміз.
Жаңа ипотекалық бағдарлама
Мамырда ипотекалық бағдарламалар қатары толыға түседі. Ол арқылы 12 мың адам жеңілдетілген несие ала алады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі купондық сыйақыны субсидиялау тетігі қарастырылғанын хабарлады. Демек, оператор "Отбасы банкі" 8 жыл бойы жалпы сомасы 1,7 трлн теңге болатын облигациялық заем шығарып отырады.
Базалық мөлшерлеме деңгейіндегі облигацияларды сатып алушылар – нарық субъектілері мен банктер.
Жоспарға сай алғашқы жылы 300 млрд теңге, кейін 200 млрд теңге көлемінде облигация шығару көзделген. Әлеуметтік осал топтар үшін жылдық мөлшерлеме 7% болады.
Бір ескерерлігі, Астана, Алматы қалаларына оның көлемі 30 млн теңгеге дейін барады. Облыстарда 18 млн теңгеге дейін несие рәсімдеуге болады. Өтінімдерді қабылдау 1 мамырда басталады.
Лев Тетин, инвестициялар және жылжымайтын мүлік нарығының халықаралық сарапшысы:
- Жаңа бағдарламаның екі ерекшелігі бар. Біріншіден, бағдарлама халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына арналған. Сәйкесінше, несие алдымен осы санаттағыларға беріледі. Екіншіден, халыққа берілетін қарыз өңірлерді дамытуға бағытталған. Бұл өте жақсы бастама. Ендігі мәселе, адамдар бағдарламаны пайдаланып, үй алғаннан кейін, сол баспаналарды сата бастаса, онда бұл жылжымайтын мүлік нарығына тікелей әсер етеді. Сұраныс артады. Менің болжауымша, жыл соңында пәтер бағасы 15%-ке дейін қымбаттауы мүмкін.
Осыған дейін пайда болған "Отау" бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтар да көп. Құжат қабылдау әлі де жалғасып жатыр. Анығы құжаттар 30 сәуірге дейін қабылданады. Жалпы наурыздан бері 16 мың өтінім түскен. Алайда оның 10 мыңдайы мақұлданбады. Себебі кей азаматтар өтінімді бірнеше рет беріпті, кейбірі бағдарлама шарттарына сай келмеген. Яғни жылжымайтын мүлкіңіз болмау керек. Отбасы банк салымшысы болғаныңыз әрі кемінде 1 млн теңгелік жинағыңыз болғаны абзал. Оның өзі 1,5 жыл көлемінде жинақталуы міндетті. Осы "Отау" арқылы алғашында 9 пайыздық мөлшерлеме белгіленеді, кейін ол 4 пайызға қайта есептеледі. Жалпы қазір еліміздегі әрбір үшінші үй ипотекаға алынады. 553 мың азаматтың осындай борышы бар. Жыл басынан бері ипотекалық қарыз көлемі 2 пайызға артып, шамамен 6 трлн теңгеге жуықтады.
Мерей Мұратханқызы, 24.KZ