Қазақстанда көмір өңдейтін 15 өндіріс орны ашылады
Cарапшылардың пікірінше, көмір химиясы Қазақстан экономикасындағы серпінді салаға айналуы мүмкін.
Қатты отынды өңдеуді дамыту үшін 15 жаңа кәсіпорын салынбақ. Өндіріс нысандары халықты 25 мыңға жуық жұмыс орнымен қамтиды деген болжам бар. Көмір өңдеу қай өңірлерде ашылады?
Қытайлық компаниялар жобаларға 12 миллиард долларға дейін инвестиция құюға дайын. Жақында инвесторлар қазақстандық көмір компанияларының өкілдерімен кездесті.
Көмір өңдейтін 15 өндіріс орны ашылады
Қазақстанда көмір өңдеу бойынша 15 жаңа өндіріс орны пайда болады. Кәсіпорындар Қарағанды, Павлодар, Абай, Ақмола және Қостанай облыстарында орналасады. Онда тыңайтқыштар, аммиак селитрасы, карбомид және полимерлердің барлық түрі шығарылады. Бұл өнімдердің бәрінде жоғары қосылған құн салығы бар. Демек олардың бағасы көмірден 35-40 есе қымбат. Жаңа өндіріс орындары көмір өңдеу деңгейін 12%-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір бұл пайдалы қазбаның тек 3%-і ғана өңделеді. Елімізде барлығы 50-ге жуық көмір компаниясы бар. Олардың бесеуі өндірісті бастауға дайын. Қазір жобаларды техникалық-экономикалық кезеңі жүріп жатыр. Көмір химия өнеркәсібіндегі бұл жобаның құны 200-ден 700 миллион долларға дейін бағаланып отыр.
Олег Пак, «Парасат» кәсіпкерлер альянсының басқарма төрағасы:
- Біз екі бағытты қарастырамыз: аммиак өндірісі, аммиактан карбомид және аммиак селитрасы өндірісі. Бұл – тыңайтқыш. Бізде айтарлықтай өсім болады деп болжап отырмыз. Ресей санкциялардың астында қалғандықтан, әлемде миллиондаған тонна карбомид тапшылығы байқалады. Яғни, карбомид пен аммиак селитрасын, сондай–ақ метанолды және полимерлердің барлық түрін өндіру оң нәтиже береді. Соның ішінде ПВХ, полиэтилен, полипропилен және тағы басқалар. Егер тереңдетіп кіріссек, біз автоөнеркәсіпке арналған компоненттерді ала аламыз.
Көмір экспорты 6,5 есе өсті
Елде көмір экспорты 6,5 есе өсті. Бұл Еуроодақ мемлекеттері тарапынан қазақстандық көмірге сұраныстың артуымен байланысты. Көрсеткіш алдағы уақытта да еселене түседі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, отын-энергетика кешенін дамыту тұжырымдамасында көмір өндіруді жыл сайын ұлғайту көзделген. Жақын арада Богатырь көмір кенішінде жаңа технология іске қосылады. Бұл өндірісті тағы 8 миллион тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазір онда 42 млн тонна көмір өндіріледі. Жалпы көмірдің 28%-і экспортталады.
«Қазатомөнеркәсіп» ₸1,5 трлн табыс тапты
«Қазатомөнеркәсіп» рекордтық табысқа ие болды. Компанияның бір жылдағы кірісі – 1,5 трлн теңге. Кіріс көлеміне уран шикізаты, дайын өнімдер мен сирек металдар бағасының өсуі оң ықпал еткен. «Халық финанс» сарапшыларының пайымдауынша, уранның қымбаттауы геосаяси тәуекелдермен, сондай-ақ өндіріс деңгейінің төмендеуімен бірге металға сұраныстың артуымен байланысты. Көптеген елдің декарбонизацияға бағытталған саясаты уранға сұранысты ынталандырады. Бүгінде Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндірушілердің бірі. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметтері бойынша 2023 жылы біздің еліміз 21 мың тоннадан астам уран шығарды. Бұл әлемдік өндірістің 39%-ін құрайды.