Қол жүгіңіз 25 келіден асса, ақы төлейсіз
Енді, Қытайдан алып келе жатқан тауарыңыздың салмағы 25 келіден асып кетсе, келісіне 4 еуродан төлейсіз.
Сонымен қатар, қолыңыздағы жүктің құны 500 еуродан аспауы керек.
1 сәуірден бастап шекарадан тауар алып өту тәртібіне өзгеріс енгізілді. Сонымен қатар, пошта арқылы жолданатын сәлемдемелердің де нормаларына байланысты өзгеріс бар. Алайда, бұл өзгерістердің ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы алыс-беріске қатысы жоқ.
Тауар құны 500 еуродан аспауға тиіс
Өзгеріс ЕАЭО-ға мүше емес мемлекетпен екі арада жүріп-тұратын азаматтарға қатысты қолданылады. Бұрын, яғни, 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың наурызына дейін қолдағы заттың бағасы 500 еуродан асып кетсе, қосымша салық төлеуге міндеттелді.
Ал 2022 жылдың сәуірінде ЕАЭК кеңесінің шешімімен бұл талап жұмсарып, құны 1000 еуроға жетпейтін тауарды тегін алып өтуге рұқсат берілді. Яғни, жеке қолданысқа арналған затты алып өткенде салық салынбайтын. Ал сәуірдің бірінен бастап бұл меже қайта бұрынғы деңгейге түсірілді.
Енді, Белорусь, Қырғызстан, Ресей және Армениядан өзге елдерден әкеле жатқан тауарыңыздың құны 500 еуродан аспауға тиіс. Салмағы 25 келіден ауыр болмауы керек. Сонымен қатар, пошта арқылы жіберілетін заттың құны 200 еуродан қымбат болмағаны шарт. Ал салмағы 31 келіден жеңіл болуы қажет.
Дархан Нұрланов, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Ресейден Қазақстанға тауар алып өткенде ешқандай баж, ешқандай төлемдер төленбейді. Өйткені, бұл одақ мемлекет. Ал мысал үшін, үшінші мемлекеттерден Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер аумағына кірген жағдайда осы норма қолданылады. Мысалы, айталық, Еуропадан Белоруссияға кірген кезде осы 107-ші норма қолданылады.
Әр келіге 4 еуро төлеу қажет
Ұшақпен жүретін жолаушыларға бұл талаптарды сақтаудың қажеті жоқ. Өзгерістер шекарадан жаяу өткенде қолданылады. Яғни, әкеле жатқан тауарыңыздың салмағы нормадан асып кетсе, әр келісі үшін 4 еуродан төлеуге міндеттелесіз. Ал құны 500 еуродан қымбат болса, асып тұрған соманың 30 пайызы мөлшерінде баж салығын төлеуіңіз керек.
Мемлекеттік кірістер комитеті өкілінің айтуынша, осы норма кемінде бір-екі жыл сақталады. Себебі, осыған дейінгі шекті межені сақтау қажет болса, Еуразиялық экономикалық комиссиясының отырысында 1 сәуірге дейін қаралатын еді - дейді маман. 2022 жылдың сәуіріндегі шешім бұған дейін екі мәрте ұзартылды. Ал алып келе жатқан затыңыз кеден талаптарына сай болса, алаңдауға негіз жоқ.
Дархан Нұрланов, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Егер, сіз жеке пайдалануға алып келе жатқан тауарыңыздың нормалары, құны мен салмағы нормадан аспаған жағдайда сіз ешқандай алаңдамауыңызға болады. Ол жағдайда жолаушылар кедендік декларацияысын толтырасыз да, сол декларацияда қандай тауарды алып келе жатқаныңызды көрсетесіз. Кеден қызметкерлерің сіздің тауарды тексереді. Егер аспаған жағдайда ешқандай төлемсіз, ешқандай бажсыз өте бересіз.
Кейбір салық жеңілдіктері алынуы мүмкін
Сондай-ақ, алдағы уақытта салық жеңілдіктерінің 21 пайызы алынып тасталуы мүмкін. Қазір тиісті заң жобасы дайындалып жатыр. Негізінен, жұмыс тобы бизнес саласына байланысты жеңілдіктерді назарға алып отыр.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, қолданыстағы Салық кодексінің 735 тармағында жеңілдік бар. Бұл жеңілдіктердің жалпы сомасы – 9 трлн 500 млрд теңге.
Соның ішінде, әзірге 101 тармақтағы жеңілдікті алып тастау ұсынылды. Бұл жеңілдіктер күшін жойса, бюджетке 1 трлн 300 млрд теңге кіріс кіруге тиіс.
Жеңілдіктердің басым көпшілігі – қосылған құн салығына тиесілі. Жұмыс тобы салалық мекемелердің ұсынған қорытындысына сәйкес шешім қабылдайды. Яғни, жеңілдіктердің арқасында қол жеткізілген көрсеткіштерді сараптап, тиімділігіне ұйғарым жасайды. Қажеттілігіне қарай кей жеңілдіктердің мерзімін ұзартса, тиімсіздерін жоюға ұсыныс береді.
Жазира Мыңбаева, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы:
- Мысалға, Ауыл шаруашылығы министрлігі қосалқы бөлшектерді және құрылғыларды шетелден алып келеді екен өздерінің шаруаларына. Сондықтан, тиімділігіне қарай әрі қарай бізге ұзартуға ұсыныс беріп отырады. Біз енді осындай ұсыныстар арқылы салық жеңілдіктерінің тиімді, тиімсіздігін айқындаймыз. Негізі, экономикаға салық жеңілдіктерін мерзіммен берген ыңғайлы. Себебі, берілген салық жеңілдігі тиімді ме, оны жалғастыруға бола ма дегенге мониторинг жасап отырамыз.
Маманның айтуынша, бұл жеңілдіктерді алып тастағаннан бизнес құрылымдарына айтарлықтай зиян келмейді. Себебі, қосылған құн салығы жанама салық ретінде қарастырылады дейді. Ал әлеуметтік сипаттағы салық жеңілдіктері толық сақталады.
Нұрқанат Қанапия, 24.KZ