Су тасқыны. Өтемақы және алаяқтар
Елде су тасқыны салдарын жоюға қажет жанар-жағар май қоры дайындалды. Бұл туралы энергетика министрлігі мәлімдеді.
Өңірлерде жүзден аса бензин тасымалдаушы іске қосылған.
Жанар-жағармай қоры жеткілікті
Елде 3,5 мың тоннаға жуық бензин төтенше жағдайдың салдарын жоюға жұмсалады.
Сондай-ақ 7,3 мың тонна жазғы және қысқы дизель отыны, 2 мың тоннадан аса мазут дайын. Әуе кемелеріне 45 мың тонна авиаотын қоры жасақталды.
Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 20 өңірде 111 бензин тасымалдаушы іске қосылды. Қажет болса, оның саны арта түседі.
Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігі үшін де қосымша отын әзірленді. Ірі өндіруші жер қойнауын пайдаланушы компаниялар да су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатыр. Олар 544 арнайы техника бөлді. 2000 қызметкер жұмылдырылды. Сондай-ақ 12,5 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетпек. Компаниялардың бірі өз қаражатына 100 үй салып бермекші.
Келтірілген залал өтеледі
Ауыл шаруашылығы министрлігінде де өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмі бекітілді.
Залалды анықтау және басқа да мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдар арнайы комиссиялар құрған.
Әзірге өлген мал саны 8 мыңнан асатыны белгілі. Жіктер болсам, ұсақ мал 6 мыңға жуықтайды, ірі қара саны 1,5 мыңнан асады. 514 жылқы да суға ағып кетті.
Қазір өлекселерді жою жұмыстары күшейтілген режимде жалғасып жатыр.
Олжас Тілебалдин, ҚР АШМ ресми өкілі:
- Су тасқыны салдарынан өлген мал иелері малдары туралы мәліметтерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Малға меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады. Меншік иелеріне өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялаған жануарлардың түрлері, жынысы мен жас шамасы бойынша нарықтық құны туралы мәліметтер негізінде айқындалатын болады.
Алаяқтардан сақ болыңыз!
Алаяқтар да құр жатқан жоқ. Елдегі күрделі жағдайды пайдаланып, аңқау халықты құрығына түсіріп жатыр.
Сондағысы әлеуметтік желілерде зардап шеккендерге 3 млн теңгеге дейін өтемақы төленетінін хабарлаған. Оның бар-жоғын тексеру үшін сілтемеге өтіп, жеке сәйкестендіру нөміріңізді енгізу қажет екен.
Алайда бұл арқылы сіздің дербес деректеріңізге жол табады. Абай болыңыз!
Жалпы су тасқынынан зардап шеккен әр отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы өтемақы беріліп жатыр. Оның мөлшерін әр өңірдегі арнайы комиссиялар белгілейді.
Мысалы, Ақтөбе облысындағы Ақтөбе және Әйтеке би ауданының тұрғындары үшін 300 мың теңге. Қалған аудандардың тұрғындары – 369 200 теңге алады. Қазір аймақтағы 504 отбасыға 163 млн теңге төлем жасалды.
Көмекті алу үшін – айырылған мүліктің тізімі мен залалды растайтын фото-видео және өзге де құжаттарды қосып, әкімдіктерге өтініш жазу қажет. Сізге тиесілі мемлекеттік қолдаулар 1414 жедел нөмірі арқылы алдын ала хабарланады.
- Бензин жеткілікті ме?
- Энергетика министрлігінің хабарлауынша, елде 1-1,5 айлық жанар-жағармай қоры бар. Оларды Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары үздіксіз толықтырып отырады. Шымкенттегі зауыт қазір жоспарлы жөндеуде.
Мерей Мұратханқызы, 24.KZ