Астана мен Брюссель бизнес-форум өткізеді
Астана мен Брюссель биыл Бельгияда бірлескен бизнес-форум өткізеді, деп хабарлайды 24KZ.
Оған екі елдің 200 кәсіпорны қатысады. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қанат Төребаевтың Брюссельге сапары барысында белгілі болды. Қазақстан мен ЕО ынтымақтастық комитетінің сауда конфигурациясындағы жетінші отырысында тараптар экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды, сондай-ақ кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің барлық бағытын іске асыру жағын талқылады. Атап айтқанда стандарттау және метрология, фитосанитарлық шараларды қолдану мен ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікті кеңейту жайы пысықталды.
Марғұлан Баймұхан, Қазақстанның Бельгия мен Люксембургтегі Төтенше және Өкілетті Елшісі:
- Кездесу барысында сирек кездесетін металдар өндірісіне қатысты жобаларды жүзеге асыру жағы талқыланды. Менің ойымша, мұндай басқосулар ортақ шешімге келуге көмектеседі. Былтыр Қазақстан мен Еуроодақ елдері арасындағы тауар айналымы 41 миллиард еуродан асты. Яғни, алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім 5% шамасында болған.